Neisseria meningitidis бактериясы қоздыратын аса қауіпті жұқпалы ауру – ол менингококк инфекциясы. Бұл инфекция жеңіл белгілерден бастап, аяқ астынан асқынатын менингит пен менин¬гококк сепсисіне дейін әртүрлі формада өрбуімен ерекшеленеді. Инфекцияның негізгі көзі – науқас адам немесе бактерия тасымалдаушы. Көбіне ересектер өздерінің жұқтырғанын білмей, тасымалдаушы болып жүре береді, алайда ауруды негізінен балалар жұқтырып, ауыр түрде өткереді.
Ауру ауа-тамшы жолымен беріледі: науқас адаммен сөйлескенде, жөтелгенде немесе түшкіргенде микробтар ауаға тарайды. Менингококк инфекциясының ең қауіпті тұсы – оның тез әрі күтпеген жерден асқынатын формаға ұласуы. Мұндай жағдайда жоғары өлім-жітім қаупі туындап, баланың жүйке- психикалық дамуы н а ұзақ мерзімді теріс әсерін тигізуі мүмкін. Статистикалық деректер бойынша, бұл ауру әсіресе, қыс пен ерте көктем айларында жиілейді.
Менингит кенеттен басталады: бірден төбе құйқасын шымырлататын қатты бас ауыру пайда болып, құсу, қалтырау, дене қызуының 39-40°C-қа дейін көтерілуі, әлсіздік байқалады. 6-15 сағаттан кейін майда қанталаған жұлдызша тәрізді бөртпелер шыға бастайды. Олар көбіне аяқ-қолда, сан мен бөксе аймағында көрінеді. Бөртпенің пайда болуы – ең алаңдатарлық белгі, себебі, ол қанға микробтың түскенін, яғни сепсистің басталғанын көрсетеді. Бөртпе неғұрлым көп болса, аурудың салдары да соғұрлым ауыр болмақ. Сондықтан әдеттегі тұмау секілді жеңіл өтетін белгілер алдамшы болуы мүмкін екендігін есте ұстаған жөн. Менингитке күдік туған сәтте науқасты дереу инфекциялық стационарға жеткізу қажет.
Дерттің алдын алу – инфекцияның таралуын тежеудің ең тиімді жолы. Алғашқы белгілер байқалғанда бірден дәрігерге қаралу, адамдар көп жиналатын орындардан мүмкіндігінше аулақ болу, суық тиюдің алдын алу, жеке гигиена талаптарын мұқият сақтау аса маңызды. Қолды сабындап жуу, үй- жайды жиі желдету мен дымқыл тазалау жүргізу де инфекцияның таралу қаупін төмендетеді. Сонымен қатар жалпы иммунитетті сақтау – дұрыс тамақтану, жеткілікті ұйқы және тұрақты дене белсенділігі ауруға қарсы табиғи қорғаныс қабілетін күшейтеді. Науқаспен тығыз байланыста болған адамдарға дәрігер тағайындаған профилактикалық антибиотиктерді қабылдау ұсынылады.
Менингококк инфекциясына күдік туса, жедел жәрдем шақырып , өз бетінше ем қолданбау – қатаң талап. Аурудың даму жылдамдығы өте жоғары, ал баланың жағдайын нақтылы бағалап, қажетті шараларды тек маман ғана жасай алады.
О.ЗИРЕК,
аудандық санитариялық- эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы


