Бізде әлеуметтік жәрдемақы немесе жалақының өсуі азық-түлік бағасының өсуімен қатар жүретін құбылысқа айналған. Тіпті, күнделікті тұтынатын нанның өзі бүгінде бұрынғы бағасынан 10 теңгеге өсіп отыр.
Қымбатшылық қалтаға салмақ салып тұрған уақытта, қарапайым халықтың жағдайын ойлаған кәсіпкер өз өнімдерін төмен бағада беруді қолға алды. Ол – Қайыршақты ауылының тұрғыны, жеке кәсіпкер Сәбит Қорғанбаев.
Кеше аудандық туризм және кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің басшысы Жексенбай Пазулов пен «ЖылойЭнергоСтрой» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі С.Қорғанбаев әр аптаның жұма-сенбі күндері «Нарын» базарында өтетін жәрмеңкеде картоп және көкөніс өнімдерін арзандатылған бағамен сату мақсатында екі жақты Меморандумға қол қойды. Аталған құжаттың міндетінде көрсетілгендей, картоп 60-80 теңге, сәбіз 90-95 теңге, жуа 55-80 теңге аралығында сатылатын болады.
- Осыдан төрт жыл бұрын Қайыршақты ауылынан жер алып, егін шаруашылығын қолға алдық. Бүгінде жеміс-жидек, көкөніс өнімдері, өзге де дәнді-дақылдармен ең арзан бағада халықты қамтамасыз етіп келеміз. Болашақта Махамбет ауданнан жер алып, егін егіп, бұдан да төмен бағамен сатуды көздеп отырмыз. Сонымен қатар, «Сыбаға» бағдарламасымен 100 асыл тұқымды мал басын бордақылау бойынша бизнес жоспарым дайын тұр. Жер телімі берілсе, «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қорынан» несие алып жұмысымды бастамақпын, - дейді жеке кәсіпкер С.Қорғанбаев.
Б.САПАРОВА.