«Қазсушар» РМК Атырау филиалының директоры Асланбек Рысжановтың айтуынша, республикалық кәсіпорынға қарасты 14 суару-суландыру жүйесі коммуналдық меншікке өткен.
Бүгінде Махамбет ауданындағы Алға–Егіз, Сары-Өзек, Құрсай, 7 Ауыл– Айсары және Индер ауданындағы Алғабас–Жорық каналдарының күрделі жөндеу жұмыстары аяқтала келді. Нысандар жыл соңына дейін пайдалануға берілмек.
– Жасақталған жобаға сәйкес каналдардың бітелген арналары аршылды, канал жолдары топырақпен көтеріліп, бекітілді. Ескі жүзбелі насос стансалар, трансформаторлар жаңаға ауыстырылды. Сонымен бірге канал бойында су реттегіш гидротехникалық құрылыстар күрделі жөндеуден өткізілді, кейбіреуі жаңадан салынды. Күрделі жөндеуден өткізілген каналдарда су беру жұмыстары бұрынғы жылдармен салыстырғанда біраз жақсарды. Яғни, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге су апатсыз, сұранысына сәйкес толықтай үздіксіз берілуде, – дейді «Қазсушар» РМК Атырау филиалының директоры.
Асланбек Рысжановтың айтуынша, Нарын каналының бүгінде тозығы жеткен. Биылғы көктемдегі құйын желдің әсерінен канал арнасы топырақпен көміліп қалған. Сол себептен каналдың шеткі нүктелеріне дейін су жеткізуде қиындықтар туындапты.
«Канал арнасын қазып, аршып, дамбаларын көтеріп, бекітуді қажет етеді. Қаржы қиыншылықтарына байланысты Атырау филиалының бұл жұмыстарды өз күшімен толықтай жасауға мүмкіншілігі жоқ. Сондықтан Нарын каналын жаңғырту үшін бірінші кезекте жобалық-сметалық құжаттарын жасақтау қажет. Қазір облыс әкімдігі мен Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі қаражат бөлу мәселесін қарастыруда» деді А.Рысжанов.
Ұзындығы 178,5 шақырымды құрайтын Нарын суару-суландыру жүйесі 1966 жылы пайдалануға берілген. Ол Махамбет және Исатай аудандардың суармалы егістік, лиманды және жайылымдық жерлерді сумен қамтамасыз етеді. Канал арқылы Жайық өзенінен жүзбелі су сорғыш стансалары арқылы су көтеріліп беріледі.