Е.Ағелеуов атындағы Махамбет орта мектебінде республикалық «IQANAT» олимпиадасының аудандық кезеңі өтті.
Білім бәйгесіне аудан мектептерінен 8-сыныптың 205 оқушысы қатысып, бақ сынады Олимпиаданың аудандық кезеңінің ашылу салтанатына «IQANAT» қорының Атырау облысы бойынша координаторы Сәуле Құбашева, аудандық білім бөлімінің әдіскері Манас Ілиясұлы қатысып, оқушыларға сәттілік тіледі.
Ауыл оқушыларын қолдауға арналған әлеуметтік білім беру жобалары мен бағдарламаларын жүзеге асыратын «IQANAT» қоры ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен жыл сайын 50 мыңға жуық сегізінші сынып оқушыларын қамтитын «IQanat» республикалық олимпиадасын өткізіп келеді.
Республикалық «IQANAT» олимпиадасының мақсаты – ауылдық елді мекендердегі оқушыларды қолдау, олардың өз қабілеттерін ашуға көмектесу, сабақтарға қызығушылығын ояту, бүкіл оқу кезеңінде тәжірибелі тәлімгер іздеуге ықпал ету, өздеріне сенуге және бастама көтеруге үйрету. Осы олимпиаданың көмегімен Қор Қазақстан және әлем университеттеріне грантқа түсуге үш жылдық тегін дайындық үшін ауыл оқушыларын іріктейді. Бұған дейін осы бағдарлама аясында ауыл мектептерінің оқушылары Nazarbayev University, University of Purdue, Polytechnic University of Hong Kong, University of Chicago және т. б. жоғары оқу орындарына грантқа түсті.
Айта кетейік, олимпиада жалпы білім беретін пәндер бойынша өтеді және төрт кезеңге жалғасады. 205 оқушы арасынан оза шапқан аудандық тур жеңімпаздары облыстық кезеңге жолдама алады.
Б.САПАРОВА