Мен аудандық «Жайық шұғыласы» газетінің тұрақты оқырманымын.
Өйткені аудандық газет жаңалықтың жаршысы, қарапайым халықтың жоқтаушысы, билік пен бұқараның арасын байланыстырушы бірден-бір құрал. Басылым әр нөмірі сайын түйткілді мәселелерді қаузап, халықтың жанайқайын жеткізіп, оқырманға ой саларлық тың дүниелерді жариялап келеді.
Аудандық газеттің қазіргі беталысына, ұстанымына, кескін-келбетіне көңіліміз толады. Қазіргі әлеуметтік желілердегі өтірік ақпаратты емес, електен өтіп, сүзгіден сүзілген шынайы хабарлардан құлағдар етіп отырғаны үшін газет тілшілеріне ризашылығымыз шексіз.
Биылдан бастап газеттің кескін-келбеті өзгерді. Тағы бір айта кетерлігі, газетті басуға кететін шығынның, яғни қағаз бен бояудың күннен-күнге қымбатсып жатқанына қарамастан жазылу бағасы да арзандады. Алты айға бар болғаны 1050 теңге. Бұл біз секілі зейнеткерлер үшін қолжетімді болып отыр. Әр аптаның сейсенбі және жұма күндері қан таратып, ауа жұтып газетімді редакциядан алып кетемін. Редакциядағы өздері де жандары сұлу қызметкерлермен әңгімелесіп бір жасап қаламын.
Келесі жылға жазылған оқырмандар үшін жаңа жыл қарсаңында ұтыс ойнатылғалы отырғаны да жаңашылдықтың белгісі деп білемін.
Барша махамбеттіктерді газет таралымының артуына мүмкіндік жасап, рухани азықпен сусындауға, аудан айнасы «Жайық шұғыласы» газетіне 2021 жылға жазылуға шақырамын.
Қобылан СИСЕНОВ,
ардагер