«БАЛА КҮННІҢ БОЯУЫ». ДӘЛ ОСЫНДАЙ ЕРЕКШЕ АТАУМЕН, ЕРЕКШЕ БАЛАЛАРДЫҢ, КҮН СӘУЛЕЛІ БАЛАЛАРДЫҢ ҚАТЫСУЫМЕН ӨҢІРІМІЗДЕ АЛҒАШ САХНАЛЫҚ ҚОЙЫЛЫМ ЖАРЫҚ КӨРДІ. БҰЛ ТЕАТРДЫҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ, ӨЗІН БАЛАЛАРДЫҢ ҚАМҚОРШЫСЫМЫН ДЕП БІЛЕТІН БЕЛСЕНДІ , ЫНТАЛЫ, ӨНЕРЛІ , ҚАБІЛЕТТІ ЖАСТАРДЫҢ БІРІ –ӘНЕЛ МАРАТОВА.
Әнелді мен сол оқушы кезінен жақсы білетінмін. Өте қарапайым, биязы, адамдармен тез тіл табыса алатын ашық мінезімен есімде қалды. Сонымен қатар өте бауырмал, балажан болатын. Көшеге ойнауға шықса да, қыздарға қыдырып келсе де қасынан кішкентай інісін бір елі тастамайтын. Өзіміз ойын баласы бола тұра, кішкентай балаға осылай мейіріммен қарайтынына таң қалушы едік. Сол кездегі мейірімі төгіліп тұратын Әнел бүгінде үлкен бір жобаның авторы, қоғамға ой салатын тақырыптың қозғаушысы болып жатқанын көріп, іштей қуанып қойдым. Журналистиканың түлегі, әңгіме жазуда өзіндік стилі бар, жүргізушілік қабілеті бір бөлек, көпшілік алдында қорықпай ойын айта алатын және үнемі қоғамға пайдасы бар дүниелерді, жаңа тың идеяларды ойлап жүретін Әнелмен бір ауыз тілдесіп, жобалары туралы сөз қозғадық.
Айтып өткеніміздей Әнел жас та болса өңіріміздің әртүрлі саласында өз қолтаңбасын қалдырып үлгерген білікті маман. Атырау облысы, мәдениет тілдерді дамыту және архив ісі басқармасынан еңбек жолын бастап, inatyrau. kz сайтында, журналист, atyrau.life журналында редактор, «Qazaqstan» РТРК АҚ-да журналистік қызметтер атқарып, 2019 жылдан Атырау облысы Ішкі саясат басқармасының «Азаматтық орталық» КММ-де еңбек етіп келеді. Қосымша «Мен бармын» қоғамдық қорының жоба координаторы, ерікті болып та қызмет атқарады. Дәл осы қоғамдық қор арқылы сол қордағы балалармен бірге «Күн» инклюзивті театры өмірге келген.
- Елімізде соңғы төрт жылдан бері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранттық жобасы жүзеге асырылып келеді.
Мұндағы басты мақсат – белсенді шығармашыл жастар қауымдастығын қалыптастырып, олардың жаңа және қолданыстағы бастамаларын мемлекет тарапынан қолдау болды. Гранттық жобаға 2024 жылы 1300-ге жуық өтініш түсіп, мәдениет бағыты бойынша жеңімпаз атандым. Жеңімпаздарға 3 млн. теңгеден 30 грант берілді. Осылайша Мәдениет министрлігінің қолдауымен осы жобаның арқасында «Күн» инклюзивті театрының дебюттік туындысы «Бала күннің бояуы» сахналық қойылымы жарық көрді.
- Қойылымның аты да, бағыты да ерекше. Білуімше, биылғы Жеңістің 80 жылдығына орай сол зұлмат жылдарда балалығы ұрланған балалардың құрметіне арналды. Ерекше диагнозы бар балалар үшін тақырып ауыр болмады ма? Сахна сыртындағы еңбек туралы да айтып өтсең?
- Әлбетте, күн сәулелі балалар күн секілді тез күлімдеп, тез тұтылады. Оларды ренжітіп алмау, эмоционалдық көңіл-күйін басқара білу де кәсібилікті талап етеді. Бұл тараптан біздің өңірде нақты осы салада жұмыс жасайтын театр мамандарын табу қиын болды. Бағымызға орай жобамен жұмыс жасауға келіскен режиссерлер Гүлнұр Саясат пен Мейрамгүл Ержанқызы, хореографтар Мөлдір Алпамысқызы мен Мөлдір Еркебаева сынды шығармашылық топ мүшелеріне тап болып, үлкен дайындық жасадық. Әрине, тақырып өте ауқымды, күрделі. Бірақ осы жылдың айтулы, тарихи датасы болғандықтан, балалардың да қабілетін ескере отырып, осы қойылымға тоқталдық. Көпшілік ойлауы мүмкін, бұл бірнеше бөлімнен тұратын сахналық көрініс деп, бірақ күн сәулелі балаларға арналған шектеулі уақытты ескеріп, көрсетілімдерді 10 минуттан асырмадық.
- Концерттік бағдарламада балалар қойылым тақырыбымен үндес көріністі, үнді фильмінен үзіндіні сахналап, ретро стильдегі және заманауи үлгідегі билерді орындайды. Сондай-ақ этно мәнердегі сән көрсетілімін ұсынады. Осының барлығында олардың киім ауыстыруы, сөздерді шатастырмай айтуы қиындық туғызбады ма?
- Күн сәулелі балалардың басым бөлігі сөйлей алмауы мүмкін. Бұл диагнозда бірнеше сипаттама болғандықтан кейбір балалар түсініксіз тілде, ал кейбірі анық сөйлеп кетіп жатады. Сол себепті қойылымды бастан-аяқ жастар театрының актерлары дыбыстап берді. Бір концертте бес рет киім ауыстыру да оңай емес. Оған осы балалардың ата-аналары, жақындары көмектесіп, барынша қолдау білдірді. Жалпы балаларда сөйлеу қабілеті болмаса да, сезу көру, есту мүшелері өте жақсы дамыған. Олар сол дыбысты тыңдау арқылы қимылдарын қателіксіз орындап, қойылымды жаттап алды.
- Сен өзің жоба координаторы, кешті жүргізушісі, кейде хореограф, идея авторы, жетекшісің. Осының барлығына үлгере жүріп, ерекше балалармен қалай тіл табыстың?
- Олардың эмоционалдық күйін бақылау, концертте жылап қалса жұбату, қорқынышын жеңуге көмектесу, осының бәріне шыдам мен төзім керек. Оларға ұрсуға,дауыс көтеріп сөйлеуге болмайды. Кейде сахналық қойылымға 5 минут қалғанда қырсығып қалуы мүмкін.Мұндайда тек еркелетіп, жылы сөзбен жұбатып, ортаға алып шығасың. Осы саланы оқыған психолог болмасам да, олардың әлемін зерттеп жүрмін десем артық емес.
- Әнел, мен өзіңе осы сұрақты бекерден бекер қоймадым. Сенің бойыңдағы қабілет, балалармен тез тіл табыса білуің, олардың аңғал әлемінде аңғарымпаздығың мені таң қалдыратын. Бұл отбасындағы тәрбиеге байланысты ма? Әлде сенің өміріңде осындай ерекше балалар бұрыннан болды ма?
- Бұл сұрағыңыз өте орынды. Иә, мен ерекше баланы тәрбиелеген, соның ішінде осы күн сәулелі баланы қабылдаған отбасында өстім. Бұл тақырыппен ерте таныстым десем де артық емес. Менің кішкентай кезімде аға-жеңгемнің баласы, інім осындай диагнозбен өмірге келді. Дәрігерлер өзі шала туылған, өзі жазылмайтын дерті бар бала деп бас тартуға көндірген екен. Бірақ ата-анасы, ата-әжесі қарсы болып, інімді мейірімге бөлеп өсірді. Ол кезде Орал қаласында тұрып жаттық. Қазіргідей орталықтар – жоқтың қасы. Сонда да көп балалы отбасында, бауырлардың арасында інімнің ерекшелігін байқамай кеттік. Оны қалыпты жағдайда қабылдадық. Қазір жиырма жасар бауырым анық сөйлейді, велосипед тебеді, өзінің қызығушылықтары бар, қоғамға бейімделген тұлға болып қалыптасты. Бұл тұста ата-әжемнің орасан еңбегі бар дер едім. Күн сәулелі балалар емделмейді, бірақ оларды үйретуге, бейімдеуге болатынын мен түсіндім.
- «Күн» театры қазір Қазақстанның қалаларын аралап, бірнеше концерт қойып, демалып жатқан болар. Бір сұхбатыңда «Алға қойған ауқымды жоспарларымыз жоқ» депсің. Бірақ бұған дейін шет мемлекеттерде болып келгендеріңді де естіп жатырмыз?
- Иә, осы қойылымдардың алдында үш күнге созылған инклюзивті фестивальға барып келдік. Өзбекстанның Самарқанд қаласында Ресей, Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстаннан келген 80-нен астам күн сәулелі балалар қатысқан шығармашылық басқосу болды. Аталған фестивальда осы «Мен бармын» қоғамдық қорының күн сәулелі балалары этно стильдегі сән көрсетілімін, «Волшебник изумрудного города», «Сұлтан Сүлейман» сынды сахналық қойылымдарды сомдап, көрермен ықыласына бөленді.
- «Тәуелсіздік ұрпақтары» жобасынан бөлек жуырда «Жарқыра» әлеуметтік жобалар финалистерінің тізімінен есіміңді көрдім. Бұл жобадағы тақырыбың да инклюзияға қатысты ма?
- Иә, «Жарқыра»жобасында басқа тақырып бойынша өтініш қалдырған болатынмын. Инклюзияға қатысты емес, бірақ бұл да менің көптен бергі ойда жүрген жоспарым. Сонымен қатар, жақын арада Нұрсұлтан Назарбаев қорынан ұтып алған грантым осы ерекше балалармен тығыз байланысты, бірақ театрдан бөлек.
- Сенің осы тақырып бойынша ізденісіңнің ауқымы кең екенін білеміз. Тіпті, бір жылдары шетелге оқуға түсіп, ерекше балалар саласы бойынша білім алған екенсің. Бүгінде ел игілігіне алған біліміңді жұмсайтыныңа сеніміміз кәміл.
- 2022 жылы Америкаға оқуға тапсырып, осы тақырыпты кеңірек зерттеуге кірістім. Өйткені біздің елде, әсіресе 18 жастан асқан ерекше балаларға арналған орталықтар, жұмыс орындары – жоқтың қасы. Шетелде оларды қоғамға бейімдеудің түрлі тәсілін ойлап тапқан. Америкадан онлайн алған білімім өте құнды болды. Бізде ерекше баланы көрсе бірінші аяушылық танытады. Сол үшін осы мәселені әлеуметтік медиа арқылы көтергім келді. Қазір дауна синдромымен туылған балалардың да қолынан біраз дүние келетінін қоғам мойындай бастады.
Бүгінде инклюзивті театрда ерекше қажеттілігі бар 14 бала өнер көрсетуде. Олар тек сахнада емес, әлеуметтік желіде де белсенді. Күн сәулелі балалардың TikTok желісіндегі қойылымдары миллиондаған көрерменнің ықыласына бөленіп үлгерген. «Олар – күн сияқты жарық шашып тұрған жандар. Мен әр балаға сенемін және олардың қабілетін ашуға мүмкіндік беретін осындай жобалардың көбейгенін қалаймын», – деп отыр Әнел Қайырлықызы.
Жұмысы мен өмірін, бос уақытын осы салаға арнап жүрген Әнел жерлесіміз ерекше балалардың өздеріне ғана емес, аналарына да қоғам ерекше қамқорлық танытса дейді. Оларға арнап тегін демалыс орталықтарын, рухани тынығу кештерін жасасақ деген арманы да бар. Мүмкін ол секілді ынталы жастардың бұл идеясын қолдайтын кәсіпкерлер де табылып қалар. Ал, бүгінде өз миссиясын анық білетін Әнел Қайырлықызы күн сәулелі балалардың қамқоршысы ғана емес, NEED санатындағы жастардың тренер,мотиваторы ретінде де өз жұмысын жалғастырып келеді.