Қазіргі таңда Атырау облысындағы ауылшаруашылығы мақсатындағы су жүйелеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Өңірдегі ауылшарушылығы мақсатындағы су жетіспеушілігі мәселесі – Атырау облысы әкімі Нұрлан Ноғаевтың ағымдағы жылдың 30-шы қараша күні өңір кәсіпкерлерімен кездесуі барысында көтерілген болатын. Жиын барысында аймақ басшысы облыс аумағындағы 15 каналдың 14-і республикалық баланстан облыс теңгеріміне берілгенін мәлімдеген еді.
Бүгінде облыс аумағындағы су жүйелерін күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Мәселен, облыс орталығына қарасты «Соколок» каналы бойында – Қайыршықты ауылдық округінің 25 шаруа қожалығы орналасқан. Жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, бүгінде аталған каналдың арнасын ашу, жалдарын көтеру және канал бойында су реттегіш шлюз құрылыстарын жүргізу сияқты жұмыстар жасалуда.
Сондай-ақ, Индер ауданындағы «Ақсай», «Бағырлай», «Құрайлы-сай» каналдары да жөндеуден өтпек. Бюджеттен аталмыш жұмыстарды жүргізу мақсатына 56 млн. теңге қарастырылған. Мұндай жұмыстар Құрманғазы ауданындағы «Кобяково-Забурунь» каналына да жүргізіледі.
Ең ауқымды жұмыстар Махамбет ауданында. Өйткені, каналдардың тең жартысы осы аудан аумағында орналасқан. Ағымдағы жылы мұнда «Сары-Өзек» пен «Алға-Егіз» каналдарын күрделі жөндеуден өткізу үшін жергілікті бюджеттен қаражат бөлінген.
Құрылыс жұмыстары 2020 жылдың мамыр айында аяқталады деп күтілуде. Ал, қалған «7 ауыл-Айсары», «Бақсай», «Құрсай», «Есбол-Қозыбай», «Сборный» каналдарына жөндеу жұмыстары үшін жобалау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Өңірлік коммуникациялар қызметі
Сурет:ӨКҚ