Бүгінде адам өмірін, оның қауіпсіздігін өзінен артық қоятын өжет, әділетті тәртіп сақшылары көп. Олар барда қоғам тыныш, бейбіт болып қала бермек. Ел тыныштығын басты назарда ұстап, қоғамға залалын, кесірін тигізетін, тәртіп бұзатындардың жолына тосқауыл жасаумен қатар халықпен етене бірге жұмыс жасау тек қабілетті полицейге тән талап-қасиеттердің қатарында.
Осындай талаптар үдесінен шығып жүрген тәртіп сақшысының бірі - Шараф Бекболат Ханнанұлы. Ол аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторының көмекшісі, полиция аға лейтенанты болып қызмет етеді.
Бекболат 2017-2018 жылдары Астана қаласындағы Ұлттық Ұлан 5573 әскери бөлімінде әскери борышын өтеген соң 2019 жылы Атырау облысы полиция департаменті Махамбет ауданы полиция бөлімі ғимарат күзету тобына полиция қызметіне жұмысқа қабылданды. Ал 2022 жылдан бастап тәртіп сақшысы аудандық жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторының көмекшісі болып тағайындалды. Құқық қорғау саласында 7 жыл мінсіз қызмет атқарған Бекболат Шараф қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету кезінде міндеттерін адал атқарып келеді. Алған марапаттары да жетерлік. Бірнеше рет Атырау облысы полиция департаментінің, аудандық полиция бөлімі бастығының грамота, алғыс хаттарымен марапатталған. Тәртіп сақшысы өз қызметі жайлы былай дейді:
- Полицей болу қайсарлық пен төзімділікті талап етеді. Бұл мамандық моральдық тұрғыдан қиын екені рас. Мамандықты меңгеруіме спорт, отбасының қолдауы да көмектесті. Біз үшін мұқият болу, ақиқат пен жалғанды ажырату, жедел шешім қабылдау бәрінен маңызды. Полицей қашанда сабырлы, мықты, қайсар, табанды болуы тиіс. Жалпы қаламен салыстырғанда ауылдық жердің өзіндік ерекшеліктері бар. Әсіресе, мал ұрлығының алдын алуға, далалық жерде жайылымда жүретін ірі қара малдардың қолды болмауын басты назарға аламыз. Үнемі тәжірибелі мамандардан үйреніп, ең бастысы қандай жағдайда да тәртіп сақшысы адами қалпын жоғалтпауы дұрыс деп ойлаймын»- дейді ол бізбен әңгімесінде.
Полиция аға лейтенанты Бекболат Ханнанұлы облыстық полиция департаментінде өткен көркемөнерпаздар байқау, фестивальдарына белсене қатысып, талай рет патриоттық әндерді тамылжыта шырқаған көрінеді. Спорттық шараларға да белсене қатысып жүр.
Қоғам тыныштығы жолында аянбай еңбек етіп жүрген Бекболат қиындықтан қорықпай, қашанда әділдікке сенетін жан. Қол жеткен жетістіктің бәрі – табандылық пен қажырлы еңбектің нәтижесі.
Парасаттылық пен ұстамдылықты ұстанған, қашанда ел игілігі жолында қызмет ететін Бекболат Шарафтың болашақта да зор жетістіктерге жететініне сеніміміз мол.
А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА