Ағымдағы жылы 2 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 6 қазанда республикалық референдум өткiзу туралы Жарлыққа қол қойды. Соған сәйкес, Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясымен, басқа да орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарымен бірлесіп республикалық референдумды ұйымдастыру мен өткізу бойынша қажетті шаралар қабылданып, бүгінгі таңда дайындық жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.
АЭС салуға байланысты өтетін референдум жөнінде халық арасында түсінік жұмыстарын жүргізуге республикалық, облыстық, аудандық Халықтық штабтар құрылған болатын. Махамбет ауданынан құрылған Халықтық штаб мүшелерінің қатарында «Аmanat», «Ақжол», «Ауыл» «Қазақстан Халықтық» партияларының, аудандық ардагерлері кеңесі, мүгедектер қоғамының өкілдерінен барлығы 30 адам бар.
Жоспарға сәйкес, аудандық Халықтық штаб мүшелері 60 үгіт-насихат, 20 фондық кездесулер өткізуі тиіс болса, күні бүгін оның 44-і өткізіліп отыр. Сонымен қатар, жастар рухы пулы жасақталып, үгіт-насихат материалдарын рұқсат етілген жерлерге ілу жұмыстарын белсенді атқаруда.
Өткен аптада АЭС салу жөніндегі облыстық, республикалық Халықтық штаб мүшелері аудандарды аралап, тұрғындармен кездескен болатын.
Атом электр стансасының құрылысы Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті қадам ғана емес, сондай-ақ төмен көміртекті экономикаға жаһандық көшу жағдайында елдің экономикалық және әлеуметтік дамуының маңызды факторы болып табылады. Атом электр стансасы елімізге қазіргі энергетикалық мәселелерді шешуге және болашақта тұрақты дамудың негізін жасауға көмектеседі.
Руслан ӘЖЕНОВ,
«AMANAT» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы