Баспасөз – бұқараны ұйымдастыру мен тәрбиелеудің, жұртшылық пікірін қалыптастырудың пәрменді құралы.
Мемлекет басшысының Жолдауынан туындайтын тапсырмалардың орындалысы туралы ақпаратты жұртшылыққа жедел жеткізуде, көп ұлтты Қазақстан халқының достығы мен бірлігін, мәдениеті мен өнерін, тілі мен салт-дәстүрін насихаттауда бұқаралық ақпарат құралдары алдына үлкен жауапкершілік жүктелген. Аудан айнасы «Жайық шұғыласы» газеті де осы жауапкершілік жүгін сезініп, сенім үдесінен шығып келеді.
Аудан өмірінде болып жатқан мәдени және рухани өзгерістер, экономикалық әлеуметтік саладағы реформалардың жүру барысы газет бетінен үзбей көрініс табуда. Бүгінде өзгеше түр, жаңа мазмұнға ие болған байыпты басылым ел тәуелсіздігінің жарқын жылнамасы десек, артық айтқандық емес. Газет сонымен қатар жергілікті жерде билік пен бұқараның арасын байланыстырушы алтын көпір іспеттес. Бұл орайда жергілікті әкімдік пен редакция тығыз байланыста жұмыс жасап, елдің мұң-мұқтажына қарайласып, көкейтесті мәселелердің жариялы түрде оң шешілуіне мүдделілік танытуда.
Газеттің тірегі оқырман екені даусыз. Байырғы басылымның таралымының өсуі аудан тұрғындарының бір кісідей жұмылып газетке жазылуда белсенділік танытуына тікелей байланысты. Ал оқырман іздеп жүріп жазылатындай газет жасау редакция ұжымының негізгі міндеті. Осы міндетімізді мүлтіксіз атқару барысында, яғни алғашқы жартыжылдықта жасаған жұмысымызға оқырманға берер есебіміз ретінде қысқаша талдау жасар болсақ, жыл басында «Болашағы бұлыңғыр ауыл немесе өткелдіктер неге өкпелі?» тақырыбында тілші А.Сатаеваның мақаласы жарық көрді. Мөлтек ауданның аудан орталығынан таяқ тастам жерде жатқанына қарамастан, мұндағы жол, ауыз су, жаяу жүргіншілер өткелі сынды мәселелердің біраз жылдан бері шешімін таппай келе жатқаны айтылған. Онда аталған мәселелерге орай мамандардың жауап алынып, берілді.
«Тілші кәсібін өзгертті» айдары тілшілер қауымының әр сала мамандарының жұмысымен етене танысып қана қоймай, оны оқырманға қызықты етіп жеткізуге мүмкіндік беретін ерекше айдарлардың бірі десек, артық емес. Аудандық полиция бөлімінің жол патрульдік полиция тобымен ұйымдастырылған рейд нәтижесінде газет оқырмандары жол бойындағы заңсыздықтармен танысуға мүмкіндік алды.
Мал ұрлығы аудан халқы үшін өткір тұрған мәселелердің бірі екені сөзсіз. Жаңа жылдан бастап мал ұрлығына қатысты жаза күшейтілгені жөнінде жазылған мақалада тіркелген қылмыстарға талдау жасалынып, тосқауыл қою бағытындағы шаралар сөз болды.
Ауданымызда егін-мал шаруашылықтарымен аты шығып, бұл салада көп жылдық еңбегі сіңген атақты кәсіпкерлеріміз жетерлік. Олардың бүгінгі тыныс-тіршілігімен халықты таныстырып отыруды біз ұмыт қалдырған емеспіз. Шағын ғана кәсібін нәсібіне айналдырып, отырған кәсіп иелері де газет бетінен көрініп жүр.
Газет редакциясы басылым бетінде нағыз еңбек адамының шынайы образын қалыптастыру мақсатында саналы ғұмырын мамандығына арнаған өз ісінің білгірлері хақында мақалалар жариялауды қолға алды. Соның дәлелі ретінде, ауданның білім саласының алға өрлеуі жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан Бибігүл Сәресқызы, саналы ғұмырының 30 жылын бала тәрбиесіне арнаған Нұрайна Тілеуғазықызы туралы жазылған мақалаларды атап өтуге болады.
Елде, оның ішінде ауданымызда болып жатқан өткір мәселелер мен оқиғаларды ылғы назарда ұстап, қалам тербеп отыру – газет журналистерінің міндеті. Алғашқы жартыжылдықта аудандық орталық саяжолдағы 42 шамды сындырған жасөспірімдер қылмысы, Махамбет-Атырау бағытына қатынайтын автобустың жыры, түтінсіз темекі атанған «снюс» кәмпитінің тауқыметі, садақадағы ысырапшылдық, білім беру ұйымдарындағы ақылы байқаудың көбейіп отырғаны, тіркелу төңірегіндегі түйіткілдер, медициналық мекемелердің бүгінгі ахуалы, жастар арасындағы жұмыссыздық, аудандағы азық-түлік бағасының көтерілуі, 5 бірдей хат тасушының бір күнде жұмыстан шығуы, Таңдай ауылындағы елді елең еткізген өрт оқиғасы тақырыбында мақалар жарияланды.
Пандемияға байланысты елімізде жарияланған төтенше жағдай кезінде газет қызметкерлері тынымсыз еңбек етіп, аудандағы азық-түлік бағасының бақылануы, білім беру ұйымдарындағы қашықтықтан оқыту жүйесінің жүзеге асуы, мемлекет тарапынан беріліп жатқан әлеуметтік төлемдердің төленуі секілді өзекті мәселелерден оқырманды үнемі хабардар қылып, қайырымдылық жасаушы жандардың жақсылығын жария қылудан жалыққан емес.
Келесі жылы 80 жылдығын атап өткелі отырған «Жайық шұғыласы» газеті бұған дейін де Махамбет топырағынан түлеп ұшқан талай тума таланттардың тұсауын кескен басылым. Бұл үрдіс әрі қарай жалғасын таба береді. Бойында жазуға, өлең шығаруға, сурет салуға деген қабілеті бар жастардың, мектеп оқушыларының шығармаларын басылым бетінде жариялауға қашанда әзірміз.
Аудандық газет заман ағымынан қалмай, өзінің жеке сайтын, әлеуметтік желілерде парақшалары мен Youtubе каналын тұрақты жүргізіп келе жатқаны да біздің үлкен жетістігіміздің бірі болып табылады.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, газет оқырмансыз болмайды, олай болуы да мүмкін емес. Сол себепті де біздің басты ұстанымымыз оқырманды жоғалтпау. Осы үшін де әрқашан жаңашылдыққа ұмытылып келеміз. Сіздерге арнаған ерекше жаңалығымыздың бірі алдағы 6 айға газетке жазылу науқанында арзан әрі тиімді жолы - балама жазылуды қолға алғалы отырмыз.
Ендеше, «Жайық шұғыласына» жазылуға асығыңыз, қадірлі оқырман! Сіздердің ой-пікір, ұсыныс-тілектеріңіз біз үшін қашанда маңызды.
Баян СҮЙЕУОВА,
газеттің бас редакторы