Баршаңызға белгілі, ағымдағы жылдың басынан Бірыңғай жиынтық төлем туралы заң күшіне енді. Осыған байланысты «оны қалай және қайда төлеуге болады?» деген заңды сұрақ туындайды.
Осы аспектіде жиі қойылатын сұрақтарға жауап беруге тырысайын, сонымен қатар бейресми жұмыспен қамтылған азаматтар осы жаңалық арқасында қандай артықшылықтарға ие болады, соған тоқталып өтейін.
ОЛ НЕ ҮШІН ҚАЖЕТ?
Бірыңғай жиынтық төлемді енгізу бейресми жұмыспен қамтылғандарға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысуға және медициналық қызметтерді тегін алуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, олар медициналық мекемені өздері таңдай алады.
Бұдан басқа, Бірыңғай жиынтық төлем жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысуға және базалық зейнетақы төлемдерін алуға мүмкіндік береді, бұл да азаматтардың осы санатының қаржылық жағдайына оң әсерін тигізеді.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қол жеткізе алатын қызметтер тізімі төмендегідей:
1. МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚЫЗМЕТТЕР, толық көлемде (медициналық сақтандыруы бар адамдар алатын көлемде):
– оңалту және жоспарлы емдеу, зертханалық қызметтер және рецептуралық препараттар, Міндетті медициналық сақтандыру қоры есебінен жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету.
2. Еңбек ету қабілетінен айырылған жағдайда (Құдай басқа салмасын, әрине) төленетін төлем.
3. Отбасы асыраушысынан айырылған болса, кәмелетке толмаған балаларға 18 жасқа толғанға дейін ай сайын берілетін АСЫРАУШЫСЫНАН АЙЫРЫЛУ ЖАҒДАЙЫ БОЙЫНША ТӨЛЕМДЕР.
4. ЖҮКТІЛІККЕ ЖӘНЕ БОСАНУҒА БАЙЛАНЫСТЫ ТӨЛЕМДЕР: – Бала туғанда – 178 500 теңге
5. БАЛА КҮТІМІНЕ БАЙЛАНЫСТЫ ТӨЛЕМДЕР:
1 жасқа дейінгі баланың күтімі – 16 160 теңгеден 24 970 теңгеге дейін.
ЗЕЙНЕТАҚЫ ЖИНАҚТАРЫ:
Бірыңғай жиынтық төлем жүйесіне қатысушылардың зейнетақысы – 45 735 теңгеден басталады.
Бірыңғай жиынтық төлем зейнетақы өтілін жинауға мүмкіндік береді. Яғни, Бірыңғай жиынтық төлем жүргізу кезеңі зейнетақы өтіліне есептеледі.
БІРЫҢҒАЙ ЖИЫНТЫҚ ТӨЛЕМНІҢ МӨЛШЕРІ ҚАНДАЙ?
Қала тұрғындары үшін – 2 525 теңге (бір айлық есептік көрсеткіш) Басқа елді мекендердің тұрғындары үшін – 1263 теңге (бір айлық есептік көрсеткіштің жартысы)
ҚАЛАЙ ТӨЛЕУ КЕРЕК (МЕРЗІМДІЛІГІ)?
Бірыңғай жиынтық төлем ай сайын, тоқсан сайын, жарты жыл сайын, жыл соңында төлене береді.
ОНЫ ҚАЛАЙ ТӨЛЕЙДІ?
Бірыңғай жиынтық төлемді төлеу механизмі өте қарапайым.
Ол үшін сізге жеке куәлігіңіз, ондағы жеке сәйкестендіру нөміріңіз қажет.
Азаматтар Бірыңғай жиынтық төлемді банктер, яғни «Халық банкі», «Forte bank», «Қазпочта», «Цеснабанк», «Шинхан банк», «Банк центр кредит» АҚ, Қазпочта бөлімшелері, сондай-ақ мобильді банктік қосымшалар және төлем жүргізуге болатын терминалдар арқылы төлей алады.
Бұл ретте интернет желісіне шығу қиындық тудыратын шалғай орналасқан елді мекендердің тұрғындары үшін бірыңғай жиынтық төлемді мобильді операторлар арқылы, СМС жіберу жолымен төлеу мүмкіндігі қарастырылуда.
Бұған қоса, төлем терминалдары арқылы төлеу мүмкіндігі де қаралып жатыр (Касса 24, Qiwi). Бұл ең жылдам әрі тиімді тәсіл болады. Ақпан айынан бастап осы терминалдар арқылы төлеуге болады.
ЕҢ БАСТЫСЫ…
Бірыңғай жиынтық төлем ЕРІКТІ ТҮРДЕ төленетінін ұмытпаған жөн. Оның басты мақсаты – бейресми жұмыс істейтін адамдарға көптеген мемлекеттік қызметтерді тегін негізде және шектеусіз алуға көмек беру. Олар бұрын ондай мүмкіндікке ие болмаған.
Нұржан Әлтаев