Бір шәугім шәй...

Анар мен Жандостың шаңырақ көтергендеріне биыл үш жыл. Он сегізге толған шағында қол ұстасып мына жалған өмірді жалпағынан басып, қиындық атаулыдан бірге өтеміз деп серттескен еді. Жалындаған махаббат оларды белгісіз әлемге апарып, бақыт құшағында ән сала тербететін. Қызылды-жасылды өмір таңғажайыпқа толы болды олар үшін. Екеуінен басқа ешкім көзге көрінбейтін. Мына әлемде тек екеуі еді. Алайда уақыт өте келе арадағы алып ұшқан сезім, албырт көңіл бәрі-бәрі су сепкендей басылған. Бейне бір тәніне ауыртпалық салған жан секілді буырқанып, тулайтындай. Тек екеуміз деген әлемде барлығы бар, тек екеудің әңгімесі таусылған.

Жандос отбасы құрғалы жұмысына қатты беріліп, үнемі үйге шаршаңқы түрмен келеді. Жиі ашуланып, Анарға дауыс көтеруді әдетке айналдырған. Анар болса, оны түсінбей әлек. Оның да бір басында міндет пен індет қатар күн кешуде. Екеуара тәтті әңгіменің иісі де қалмаған. Әркім өз басымен әуре. Бірақ, екеуі де шаршады. Қажыды. Қиын кезде бас сүйеп, зарын айталмау да үлкен қасырет. Бұны екеуі де түсінеді. Менмендік пен сасық көкірек мойындар емес. Қатты сағынды. Сол бір шәй басындағы шүйіркелесуді, ішкі дауысты естігенді,демеу болғанды.

     Екеуінің емі бір шәугім қара күрең шайда еді. Қара бастың ғана емес, жаһандық проблемаларды да шешетін құдыретті шәй еді бұл.

Күн ұясына батып, түн ауған шақ. Жандос әдеттегідей жұмыстан кеш оралды. Анар төсек қамына кіріскен. Түрі өлі гүлдей солып қалған. Есіктен кірген Жандос оған:

  - Анар, сенің шәйіңді сағындым.- деді. Жатын бөлмеден елең ете қалған аққұба келген, көзі ботадай мөлдіреп тұрған Анар ас үйге жүгіре кетті. Жандос та солғын тартқан аяулысының жүзіне қан жүгіргенін көріп бір марқайып қалды.

  - Жұмыс күнің қалай өтті? Бір күн болсын жаныңды күтіп, демалсаңшы,- деді Анар уайымдаған дауыспен.

   - Ештеңе қылмайды. Одан да өз жайыңды айтшы. Мен сенің сыңғырлаған күлкің аралас шәйіңді сағындым білесің бе? Кешір мені қымбаттым. Енді мына үстел басында ешқашан жалғыз отырмайсың. Уәде беремін.

 Анардың қуанышы қойнына сыймағаны қос жанарынан белгілі еді. Бірге ішкен шәйдің құдіреті шіркін. Мүмкін көп отбасыны сақтауға септігін тигізер ме еді?! Кім білсін?.

                                                                Төлегенова Шырын Асланқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT