«Бибі саз» балалардың туған күнін тегін өткізеді

Енді ауданымызда «Қуаныш сыйла» жобасы аясында аз қамтылған, көп балалы отбасылардың балалары үшін тегін аниматорлар қызмет етеді.

Бұл қызмет «Бибі саз» үкіметтік емес ұйымының «Zhas Projekt» жобасы арқылы 1 миллион теңге қайтарымсыз грант ұтып алуының нәтижесінде жүзеге асқалы отыр.

-Қасиетті Қадыр түнінің қарсаңында 1 миллион гранттың иегері болдыңыздар деген қуанышты СМС келіп жетті. Ақшамыз қолымызға тиген соң іске кірісетін боламыз. «Қуаныш сыйла» жобасы аясында аз қамтылған, толық емес, көп балалы отбасылардың балаларының туған күндерін тегін өткізіп береміз. Оның ішіне арнайы костюммен қамтылған аниматорлар қызметі, газ толтырылған шарлар т.б. қызықты бағдарламалар кіреді. Осы жұмыспен негізінен Гүлназ Үмбетова, Айнагүл Қабиденова, Айжан Жанболатова есімді жастар айналысады. 6 ай бойына қызметімізді тегін көрсетеміз. Бұл үшін орта білімді мамандарымыз 40000 теңге, жоғары білімді мамандарымыз 60000 теңге көлемінде шәкіртақы алып отырамыз. 6 айдан кейін толыққанды отбасылар үшін қызметімізді ақылы негізде ұсына аламыз. Жарты жылдың ішінде алған заттарымыз өзімізде қалады, – дейді жобаның авторы, «Бибі саз» үкіметтік емес ұйымының жетекшісі Бибігүл Нәбиева.

«ZhasProject» - бұл жастарға арналған бірегей әлеуметтік бағдарлама. Жоба жастарды қоғам өміріне тартып, қызмет ету арқылы олардың бойындағы тың бастамаларды көтеруді көздейді. Бұған дейін аудандық Жастар ресурстық орталығында аталған жобаның таныстырылымы өткен болатын.

Б.Сүйеуова

Сурет: Дереккөзі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT