Бүгінде зейнетақы алу үшін де, жалақы алу үшін де көк темірге (банкомат) телміретін күнге жеттік.
Бұл әрине, заманның жаңарып жатқанының белгісі. Кәртішкеңді саласың да, қажетті ақшаңды суырып аласың. Алайда, аудан орталығындағы бар жоғы үш түйір банкомат халықтың қажетін қамтамасыз ете алмай отырғаны жасырын емес. Оның екеуі Халық банкке, біреуі Қазпоштаға тиесілі. Қазпоштаның банкоматы екі күннің бірінде бұзылып жатады. Халық банктің екі банкоматының біреуі де зейнетақының уақытында істен шығып қала береді. Қара суықта дірдек қаққан халық кешке дейін кезек күтуге мәжбүр. Тағы бір айта кетер жайт, аудан халқының барлығы бірдей еңбекақысын халық банктен алмайды. Мәселен, "Сбербанктен" алатын адамдар үшін «Халық банк» күніне 10 мыңнан артық ақша ала алмайтындай шектеу қойып тастаған. Несие төлейтін уақыты жақындап қалған тұрғындар өзі азғантай еңбекақысын бірнеше күн жүріп, бөліп алу тиімсіз болғандықтан, қалаға баруға мәжбүр. Қазір халықтың көбі "Каспий" банктің қызметін пайдаланады. Өкінішке орай біздің ауданымызда "Каспий" банктің бірде-бір терминалы жоқ. Несие төлеу үшін тағы да қалаға жүгіруге тура келеді. Бұл айтылғандардың барлығы халық саны күннен-күнге өсіп келе жатқан аудан орталығында банкоматтар санын көбейту қажеттігін көрсетеді.
Айтолқын АЙБЕК,
ауыл тұрғыны.