Махамбет инспекциясы бөлімі аудан тұрғындарына соның ішінде әуесқой балықшыларға Атырау облысының шегіндегі Жайық өзенінде 1 сәуірден 15 маусымды қоса алғандағы аралықта балық аулауға шектеу қойылатынын ескертеді.
Бұл су асты балықтарының уылдырық шашу кезеңі болғандықтан Жайық өзенінен және су айдындары немесе су тоғандары мен су жүйелерінен балық аулауға қатаң тыйым салынады. Мұндай шектеулер балықтардың өсіп-өнуіне, балық қорын сақтап қалуға, оны молайтуға бағытталған шаралар болып саналады. Жылда ұйымдастырылатын көктемгі кең ауқымды «Бекіре-2019» балықтардың уылдырық шашу маусымын биыл да біздің инспекция үшін талапқа сай өткізу басты мақсат болып отыр. Көктемгі өр суының тасқыны кезінде Жайық өзені арнасынан шығып, су айдындарына, жайылым көлдерге су құйылғанда әртүрлі ұсақ қара балықтар уылдырық шашып, жыра бойымен кері өзенге шығады. Соңынан табиғи жыра бойымен уақ шабақтар өзенге ағылады. Сондықтан жыралардың бойы бітеліп қалмауы басты назарда болуы керек. Жайылмаға шыққан балықтың өзінің табиғи өсу ортасы Жайық өзеніне қайтадан құлауын қамтамасыз етудің барлық шарасын алатын боламыз. Бұл уақытта бар мүмкіндікті пайдаланып, тер төгіп, бірлесіп, жұмыс жасайтын кез. Осыған байланысты аудандық Ішкі істер бөлімі қызметкерлерімен бірге арнайы шара жасақталып, рейдтер ұйымдастырылуда. Баспасөз бетіне мақала жариялау арқылы тұрғындарға осы науқанның негізгі бағыттарын түсіндіру, мектеп оқушылары арасына барып, ұжымдар мен мекемелерге әңгіме, пікірлесу жұмыстарын жүргізу көзделуде.
Т.ЕСМУХАНОВА,
Махамбет инспекциясы бөлімінің ихтиолог маманы.