Баласын бірінші сыныпқа беретін ата-аналар нені білуі керек

Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасының бас маманы Асыл Аманкелдіқызы мектептегі 1-ші сыныпқа қабылдау бойынша ең көп қойылатын сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды Елорда Инфо.

1. Ата-аналар балаларын қанша жастан беруі тиіс?

Биылғы оқу жылында жалпы орта білім беретін білім беру ұйымдарына 1-сыныпқа баратын оқушылар 6 жастан бастап қабылданатын болады. Яғни 1 қыркүйекте баланың жасы 6-да болуы керек немесе ата-ананың қалауы бойынша ағымдағы жылдың соңына дейін 6 жасқа толатын балалар қабылданатын болады. Сонымен қоса, 1-сыныпқа 7 жасқа толған балалар да қабылданады.

2. Мектепке қабылдауда қандай құжаттар қажет?

Осы ретте мынадай құжаттар қажет: 1) баланың ата-анасынан немесе өзге де заңды өкілдерінен өтініш; 2) баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі; 3) денсаулық жағдайы туралы анықтама (026/у-3 нысаны); 4) көлемі 3х4 см фотосурет – 2 дана. Мектеп әкімшілігінің басқа да құжаттарды ата-аналардан талап етуге құқығы жоқ.

3. Құжаттарды қабылдау қашан басталады?

Мектепке құжаттарды қалай ұсыну қажет? Құжаттарды қабылдау 1 маусымнан 30 тамызға дейін жүргізіледі. Ата-аналар құжаттарды көрсетілген мерзімде e.astana.kz сайтымен қағаз түрінде де, сондай-ақ электрондық тәртіпте де тапсыра алады.

4. Мектеп әкімшілігі құжаттарды қабылдамауға құқылы ма?

Бірінші сыныпқа қабылдау кезінде құжаттар толық болмаған жағдайда, мектеп әкімшілігі бас тартуға құқылы.

5. Ата-аналардың мектепті таңдауға құқығы бар ма?

Ережеге сәйкес баланың немесе білім алушының ата-аналары немесе өзге де заңды өкілдері оқу үшін кез келген білім беру ұйымын таңдауға құқығы бар. Мектепті таңдаған кезде мекен-жай анықтамасы талап етілмейді. Мектептер бойынша шағын учаскелер жоқ.

6. Қандай да бір себептермен мектеп әкімшілігі баланы мектепке қабылдамаса қайда хабарласуға болады?

Егер де мектеп әкімшілігі оқушыны қабылдаудан бас тартқан жағдайда ата-аналар Нұр-Сұлтан қаласының Білім басқармасындағы 91-72-09 call-орталығына, 55-68-73, 55-68-83 нөмірлеріне хабарласа алады.

7. Бүлдіршіндер мектебі дегеніміз не? Ол кімге керек?

Жалпы бүлдіршіндер мектебі елордада жылдан-жылға жалғасып келе жатыр. Яғни, бірінші рет жасалып отырған жоқ. Бұл жерде айта кететін жағдай, кейбір ата-аналар балаларын 6 жастан мектепке, 1-сыныпқа беруге қорқақтайды, «балам дайын емес» деген сұрақтар туындайды. Осыған байланысты әрбір білім беру орталығы, мектептер қабылданған оқушыларды жаз айында, тамыз айында бүлдіршіндер мектебіне береді. Бұл жерде балалар кемінде үш апта азын-аулақ дайындықтан өтеді. Оның барлығы ата-аналардың еркі бойынша.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT