Өмір жолыңда бақытты болу үшін екі нәрседен қателеспеу керек деген нақыл бар. Біріншісі, жар таңдаудан, екіншісі, мамандық таңдаудан. Мен осы екі таңдаудан да қателескен жоқпын деп ойлаймын. Өйткені, екеуін де жүрек қалауыммен таңдадым.
Бала күнімнен анамнан гөрі әкеме жақын болып өстім. Сәл нәрсеге қуансам да, өкпелесем де алдымен әкеммен бөлісетінмін. Үйде үлкен әжеміз болған соң ба, анам маған қызындай емес, сіңлісіндей қарайтын. Бұл сол кездегі келіндердің ата-енесіне деген шексіз құрметінің көрінісі болатын. 9 сынып оқып жүрген кезімде әкем маған: «қызым, көп ұзамай мектеп бітіресің, болашақта қандай мамандық иесі болғың келеді?» деген сұрақ қойды. Шынымды айтсам, сол кезге дейін «Кім болам?» деген тақырыпқа басымды ауыртып көрмеппін. Менің мамандық таңдауыма Ақжайық ауылында тұратын апам ықпал етті.
Жазғы каникулда сол ауылға барған кезде кітапханашы болып жасайтын апамның қасынан қалмай, жұмысына ілесіп барып, кітаптарды жинауға, іріктеуге, ішінен қажетті сөздерді іздеп табуға көмектесіп жүріп, кітапханашы мамандығын қалай сүйіп қалғанымды өзім де байқамай қалыппын.
1989 жылы орта мектепті аяқтаған соң Атырау мәдени ағарту училищесіне түсіп, кітапханашы мамандығын алып шықтым. Алғашқы еңбек жолымды орталық партия комитеті жанындағы кітапханадан бастадым.
2001 жылы аудан орталығынан балалар кітапханасы ашылды да, сол жерге жұмысқа орналастым. Содан бері 18 жыл бойына табан аудармастан балалар кітапханасында еңбек етіп келемін. Жалпы әдебиетке, кітап оқуға деген қызығушылығым, кітап десе алып-ұшып тұратын қасиетім маған әкемнен дарыған. Әкем негізі қазақ тілі маманы. Бірақ өнерге деген махаббаты ерекше. Түр келбеті де Байғали Досымжановқа қатты ұқсайды. Анамның айтуынша, студенттік кездерінде екеуі қол ұстасып үнемі театрға баратын болыпты. Билет таусылып қалып, күзетші кіргізбей қойған кездерде «Мен Байғалидың інісімін» деп кіріп кететін көрінеді. Оның үстіне домбырашылық қасиеті де бар еді. Өзінің үш күйі мен бірнеше әндерін жазып қалдырды. Зейнеткерлікке шыққан соң мәдениет үйінде режиссер болып қызмет етті.
Әкем Рысбай Ғабдиевпен дос болды. Біздің үйге әкемнің бірге оқыған жолдастары Ілия Жақанов, Қайрат Жұмағалиев, Құмар Кенжеғалиев, Мағзом Сүндетовтер жиі келетін. Ал балалармен жұмысқа ықыласым ауып тұруына анамның бала дәрігері болып қызмет еткені себеп болды деп ойлаймын.
2009 жылы Асылбек Қарабалин деген азаматқа тұрмысқа шықтым. Ата-ененің тәрбиесін көрдім. Мен келін болып түскеннен кейін қайнымның келіншегі өмірден озды. Артынша көп ұзамай қайным да бақилық болды. Қайнымның кішкене қызын жолдасым екеуміз бауырымызға бастық. Одан кейін өмірге ұлым келді. Мен үшін бірінші орында қашанда отбасым тұрады. Қандай керемет қызмет атқарса да әйел өзінің әйел екенін ұмытпауы керек. Балалармен жұмыс жасаған мен үшін қашанда қызықты. Оларды қызықтыру үшін түрлі ойындар ұйымдастырып отырамын. Балабақшаның балалары кітаптардағы суреттерді қарап мәз болғанда, өзімнің де көңілім көтеріліп қалады. Баланың кішкене күнінде кітапқа деген қызығушылығын оята білсек, өскенде жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады.
Гулнара ЕСҚАЛИЕВА,
аудандық балалар
кітапханасының кітапханашысы