Қайтарымсыз грантқа ие көптеген жастарымыз өз кәсіптерін бастауда.
«Еңбек: нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» шеңберінде «Бастау бизнес» бағдарламасы және «Жас кәсіпкер» оқу курсын тәмамдап, дайындаған жобалары негізінде қайтарымсыз грантқа ие көптеген жастарымыз өз кәсіптерін бастап кетті.
Соның бірі жаңа жыл қарсаңында аудан орталығынан «Айнара» ғимаратында жастардың бастамаларымен азық-түлік дүкені мен сұлулық салоны іске қосылды. Айым Нарешова мен Назымгүл Бектілеуова «Жас кәсіпкер»курсын, Салтанат Ғинаятқызы мен Ақкенже Мұхамбетжанқызы «Бастау Бизнес» жобасын аяқтап, қайтарымсыз грантқа ие болды.
Соның нәтижесінде А.Мұхамбетжанқызы азық-түлік дүкенін, А.Нарешова, Н.Бектілеуова және С.Ғинаятқызы бірігіп сұлулық салонын ашуға мүмкіндік алды. Халық игілігіне қызмет көрсетуді мақсат тұтқан жастардың бастамаларына «Атамекен» ҰКП аудандық филиалы директоры Б.Рахметов сәттілік тілеп, нысанның салтанатты түрде лентасын қиды.
Айта кетейік, өткен жылы ауданымызда «Атамекен» ҰКП аудандық филиалында 239 адам оқытылып, соның ішінде 104 адам төмен пайыздық мөлшермен несие және көп балалы отбасыларына, жастарға, еңбекке қабілетті мүгедектерге және аз қамтылған отбасы мүшелеріне бизнес идеяларын дамытуға қайтарымсыз гранттар берілді.
Б.Сапарова