Әр жұма сайын аудан орталығында өткізіліп жүрген «Аuyl LIFЕ» жас таланттардың өнер фестиваліне Алмалы және Береке ауылдарының жастары да үлкен дайындықпен келгендерін көрсетті.
Әп дегеннен хабарлаусыз ұсынылған «Қазақ биін» мың бұрала билеген ару қыздар сазды бағдарламаны тамашалауға жиналған ауыл халқының көңілін бірден баурап алды. Сахна төріне көтерілген ауыл әкімі Гүлшат Аухадиева 2019 жылы Қазақстандықтар үшін ерекше жыл екенін, өйткені Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2018 жылғы 5 қазандағы Жолдауында оны «Жастар жылы» деп жариялағанын атап өтті.
Жас өнерпаз Нұрлыбек Бисембаев Түркештің күйі «Көңіл ашарды» күмбірлетіп, көрерменге керемет рух сыйлады. Әдемі Есболованың орындауындағы «Байтақ елім», Әділ Тұрағұл әуелеткен «Мен қазақпын», Аружан Жанболат шырқаған «Тәуелсіз қазақтың қызымын», Алла Жакееваның репертуарындағы «Айналдым сенен Атамекен ай», «Ауылға сағыныш», «Анамның ақ жаулығы» әндері де жиналған жұртышылықты бір серпілтіп тастады.
Ердаулет Қайырболатов оқыған «Қара өлең» де көпшілікті бей-жай қалдырмады. «Диля» би тобының көңілді қыздары «Қазақ биі» мен «До ре ми», «Сыған» билерін билеп берді.
«Алмалы ханшайымдары» атты көңілді тапқырлар командасы әзіл-сықақ қойылымдарын ұсынды. Алмалы және Береке жастары дайындаған сазды бағдарламаның шымылдығы Айболат Сахиевтің орындауындағы «Ауылға барам» әнімен жабылды.
Б.СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ