Президентіміздің футболды коммерцияландыру туралы айтқан пікірі өте орынды деп есептеймін. Қазіргі таңда кәсіби спортты тек әлеуметтік сала ретінде емес, нақты бизнес-индустрия ретінде дамыту қажет. Бұл – әлемдік тәжірибеде дәлелденген жол.
Ауылдық жерлерде футболдың дамуы ең алдымен балалардың дайындығына байланысты. Махамбет ауданында футболға қызығатын балалар саны жыл сайын артып келеді. Біз жаттығу процесін жүйелі түрде ұйымдастырып, жас спортшылардың физикалық дайындығы мен ойын тактикасына ерекше көңіл бөлеміз.
Соның нәтижесінде біздің мектептің бірқатар түлектері қазіргі таңда Атырау қаласындағы әуесқойлар лигасында әртүрлі футзал клубтарының құрамында ойнап жүр. Бұл – ауыл футболы үшін үлкен жетістік әрі дұрыс бағытта келе жатқанымыздың көрсеткіші.
Егер футболды дамытуға жеке инвестициялар көбірек тартылып, инфрақұрылым жақсартылса, онда ауылдан шыққан талантты балалардың кәсіби деңгейге көтерілуіне мүмкіндік артады. Сапалы алаң, заманауи құрал-жабдық және білікті бапкерлер болған жағдайда ғана нақты нәтиже болады. Сондықтан футболды коммерцияландыру – болашаққа салынған маңызды инвестиция деп ойлаймын.
Асқар Әлдешов, Махамбет аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебі директорының орынбасары


