АУРУЫН ЖАСЫРҒАН ӨЛЕДІ

ЖЕР БЕТІНДЕГІ БАРЛЫҚ ТІРШІЛІК ИЕСІН БЕЛГІЛІ ЗАҢДЫЛЫҚТАРМЕН ЖАРАТҚАН АЛЛА ТАҒАЛА АДАМ ДЕНЕСІНЕ ІШКІ ТАБИҒИ ҚОРҒАНЫС МЕХАНИЗМІ – ИММУНДЫҚ ЖҮЙЕНІ БЕР­ГЕН. БҰЛ ЖҮЙЕ БОЛМАСА, СІЗ БЕН БІЗДІҢ АҒЗАМЫЗ АЙНАЛАМЫЗДАҒЫ САН МЫҢДАҒАН АУРУҒА ТӨТЕП БЕРЕ АЛМАС ЕДІ. АЛ ИММУНДЫҚ ЖҮЙЕНІ ҚОРҒАУ, ЖАЛПЫ ДЕНСАУЛЫҚТЫ САҚТАУ – ӘР АДАМНЫҢ ӨЗІНЕ ЖҮКТЕЛГЕН МІНДЕТІ. ОСЫНАУ МІНДЕТКЕ ДЕГЕН САЛҒЫРТТЫҚ ТАНЫТУДЫҢ СОҢЫ ЖЕР БЕТІНДЕ АДАМНЫҢ ИММУНДЫҚ ЖҮЙЕСІН ЗАҚЫМДАП, ҚОРҒАНЫС ҚАБІЛЕТІНІҢ КҮРТ ТӨМЕНДЕУІНЕ ӘКЕЛЕТІН ҚОҒАМДА «СПИД», «ВИЧ», «АИТВ», «ЖИТС» ДЕГЕН АТАУҒА ИЕ ІНДЕТТІҢ ТАРАЛУЫНА ЖОЛ АШТЫ.

БҰЛ ҚАНДАЙ ІНДЕТ?

Адамның иммун тапшылығы вирусы (АИТВ-ВИЧ) инфекциясы төрт сатыдан тұратын болса, соңғы сатысы – жұқтырылған иммун тапшылығы синдромы (ЖИТС- СПИД). Вирус ағзаға енгеннен кейін бірнеше жыл бойы ешқандай белгілер білінбей, вирус қанда көбейіп, иммундық клеткаларды жоя береді. Емделмеген жағдайда имму­нитет төмендеп, ЖИТС сатысына әкеледі. Бұл аурудың қауіптілігі сол – вирус жұқтырған адам өзі білмей, басқаларға да жұқтыруы және денсаулығы нашарлап, емделмесе өлім жағдайына соқтыруы мүмкін.

АИТВ жұқпасының қауіпті дерт екендігін, оның қандай жолдармен жұғатынын әрбір адам білуі тиіс. Бұл індеттің негізгі үш жұғу жолы бар: жыныстық, қан арқылы және АИТВ жұқтырған анадан балаға (ем қабылдамаған жағдайда) жүктілік, босану, емізу кезінде жұғуы мүмкін. Осының ішінде жыныстық жолдың үлесі қазіргі таңда 98,5% құрап отыр. Яғни, АИТВ инфекциясы жастар ара­сында жыныстық жолмен көбірек таралуда. Басты себебі – жастардың кездейсоқ қорғалмаған жыныстық қатынасқа жиі түсуі.

ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ 64 ЖАҒДАЙ

Ресми статистикалық мәліметке сүйенсек, облыс бойынша биыл АИТВ жұқтырғандардың саны өткен жылдың он айымен салыстырғанда 11 жағдайға азайғанымен мамандар соңғы жылдары өсу үрдісі байқалып отырғанын айтады. Мәселен, осыдан бес жыл бұрын яғни 2020 жылы 26 жағдай анықталса, 2025 жылдың 10 айында 64 жағдай тіркелген. Оның 70%-ын ер адамдар құрайды. Олардың арасында 20-39 жастағы жастардың үлесі басым болып отыр. АИТВ-мен өмір сүрушілер облысқа қарасты аудандарда да бар. Жан басына шаққанда жоғары көрсеткіштер Атырау қаласында (117,9), сонымен қатар Махамбет (58,2), Жылыой (47,0), Құрманғазы (33,0) аудандарында да тіркелген.

Адамның иммун тапшылығы виру­сы инфекциясы алғаш рет елімізде өткен ғасырдың 80-жылдарының аяғында анықталған екен. Сол уақыттан бастап арнайы орталықтар құрылып, облыстық және қалалық деңгейде жұмыс жасай бастайды. Аталған індеттің алдын алу мен оның салдарын азайту бағытында 1988 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен БҰҰ Бас Ассамблеясының шешіміне сәйкес «1 желтоқсан – Халықаралық ЖИТС-қа қарсы күрес күні» ретінде белгіленіп, ол жыл сайын атап өтіледі. Атаулы күн қарсаңында тек қана індет туралы ғана айтып қоймай, онымен тікелей жұмыс жасайтын орталық мамандары туралы сөз қозғауды жөн көрдік. Осы мақсатта отыз бес жылдан аса уақыт аталған індеттің алдын алу бағытында жұмыс жасап келе жатқан «Облыстық АИТВ инфекциясының алдын алу орталығының» басшысы Айгүл Бағытжанқызына аталған індет төңірегінде бірнеше сауал жолдап, орталықтың жұмысы туралы да ай­тып беруін сұраған едік.