Ауған соғысы мұражайы ашылды

Жеңімпазы жоқ майдан деп тарихта таңбаланған Ауған даласындағы ұрыс қимылдарына қатынасқан Кеңес әскерлерінің сол бір отты нүктеден шығарылғанына биыл 30 жыл толып отыр.

Соған байланысты жер-жерде патриоттық тәрбие бағытындағы іс-шаралар ұйымдастырылуда. Махамбет ауданы бойынша кезінде 44 сарбаз өздерінің интернационалдық борышын өтеу үшін шекара асса, оның үшеуі майдан даласында ерлікпен қаза тапты. Күні бүгін арамызда жүрген Оңайғали Ысқақов бастаған ауғандық жауынгерлер қарулас достарын мәңгі есте қалдыру және жастарға патриоттық тәрбие беру мақсатында арнайы мұражай ашты. Ерлікке тағзым етуді мұрат тұтқан мұражайдың ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары М.Сейтқалиев кіріспе сөз сөйледі.

- Жалпы КСРО тарихында Ауған соғысының әкелген қасіретін айтып жеткізу мүмкін емес. Қаншама аналардың көз жасын көлдеткен, қаншама ерлердің жанын жаралаған бұл соғыстың зардабы әлі басылған жоқ. Ұлт тарихында аты аңызға айналған Қабанбай мен Бөгембай, Наурызбайлардың, Исатай мен Махамбеттердің ұрпақтары, Ұлы Отан соғысындағы Бауыржан мен Төлегеннің, Қасымдардың ізбасарлары Ауған соғысында да үлкен ерлік үлгісін көрсете білді. Осы соғыста аттарын аңызға айналдырып, күні кеше өмірден өткен «қара майор» атанған Борис Керімбаевтың, бүгіндері көзі тірі жауынгерлері «Кока» атанған Байғали Қоқымбаевтың, Бақытбек Смағұлдың ерліктері кейінгі ұрпаққа өнеге боп қала бермек. Міне, бүгін біз сондай ерлікпен Ауған жерінде қаза тапқан жерлестеріміз Тұржанов Алаш, Рахметов Мұхтар, Мусағалиев Иматтардың есімдерін мақтанышпен атай аламыз. Он жылға созылған кескілескен соғысқа Қазақтаннан 22 269 адам қатысып, оның 761-і қаза тапты. Кезінде батырлық пен ерліктің ерен үлгісін көрсеткен жерлестерге құрмет көрсету – бүгінгі ұрпақтың борышы. Сондықтан да барша халқымыз жат жерде ерліктің үлгісін көрсеткен соғыс ардагерлеріне әрқашанда тағзым етеді. Бүгін қолға алып отырған игі бастамамыз баянды болғай,-деп жүрекжарды тілегін білдірген М.Жұмахметұлы алға қарай да мұражайдың тұрақты жұмыс істеуі үшін әкімшілік тарапынан қолдау көрсетілетінін жеткізді. Ол Ауған соғысы ардагерлері қоғамдық ұйымының басшысы О.Ысқақовқа аудан әкімі атынан құттықтау хат пен ескерткіш сыйлық табыстады.

7282

7

7334

7296

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, экономика ғылымдарының докторы, профессор, Ауған соғысының ардагері М.Шырдабаев та жат жердегі соғыстың сипатын терең талдай отырып, аш-жалаңаш жүріп, әлі күнге дейін өгізге мойынтұрық кигізіп, жер жыртып, нәпақаларын тауып отырғанмен, олардың ұлттық намыстары атойлап тұратынына нақты мысалдар келтірді. Ауғандар таптар мен топтар арасында дүркін-дүркін қарулы қақтығыстар болып тұрса да, сырттан келіп кереге билік айтып, жеріне, еліне қол сұққандармен ымырасыз күрес жүргізуден бір тынбайтын рухы мықты жауынгер халық екендігін алға тартып, ел мүддесі үшін тиімді келісім-шарттар жасағанда шетелдік компаниялардың ығына жығыла бермеу керектігін құлаққағыс жасады. Әлі күнге дейін жан-жақтан қыспаққа алған коалиция күштеріне тойтарыс беруден тайынбай келе жатқан қарапайым Ауған халқының отансүйгіштігін, ерлігі мен өрлігін, жанкештілігін үлгі етті. Мұражайға өзінің қолтаңбасымен Ауған соғысы тарихы туралы жазған кітабын табыстады.

7338

7348

Музейдің лентасы қиылып, қонақтар «жақсыны көрмекке» деп Жастар ресурстық орталығының екінші қабатына көтерілді. Жәдігерге бай, талғаммен жабдықталған Ауған соғысы ардагерлерінің мұражайы рухани қазынамызды толықтыра түсетін ерекшелігімен есте қалары сөзсіз. Ал жастар саябағында Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 30 жыл толуына байланысты Ауған жерінде ерлікпен қаза тапқан «Қызыл Жұлдыз» орденінің иегерлері Мұсағалиев Имат, Тұржанов Алаш, Рахметов Мұхтардың рухына арналған баскетболдан ашық турнир ұйымдастырылды. Турнир төрешілерінің ортақ шешімімен бірінші орынды аудандық білім бөлімінің командасы иеленсе, Махамбет жастары командасы екінші тұғырдан көрінді, ал аудан әкімдігінің командасы үшінші орынды қанағат тұтты.

Н.Ерғалиев

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT