Елімізде соңғы жылдары барлық салада үкiметтiк емес ұйымдардың саны артып келеді. Олар негізінен қоғам мүддесі үшін жұмыс жасауды басты мақсат санайды. Ауданымыздағы үкіметтік емес ұйымдардың бірі «Ақжол» Махамбет мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігі де қоғамға өз үлесін қосып келеді.
Қоғамдық бірлестік төрағасы Қайдарбек Құрмашевтің айтуынша ұйымның ұстанған бағыты, қоғамның әлеуметтік әлсіз тобы болып саналатын мүмкіндігі шектеулі жандардың қиындықтарын басты назарда ұстай отырып, өмірін мейлінше жақсарту , олардың өздерін қоғамның бір мүшесі ретінде сезінуіне қол жеткізу болып табылады. - Былтырғы жылы 27-29 қараша күндері Астана қаласында өткен Республикалық VIII-ші «Азаматтық форумға» Атырау облысы делегациясы қатарында қатысып қайтқан болатынмын. Сол форумда Н.Назарбаев қазіргі дамыған заман мен қоғамда ерекше жандардың өмір сүрулеріне мейлінше қолайлы орта туғызуды басты назарда ұстауды тапсырды. Осы орайда біз де қолымыздан келгенше еңбектеніп келеміз. Атап айтар болсақ қыркүйек айында ауданымызда мүмкіндігі шектеулі жандар арасында дойбы мен үстел теннисінен «Спорт та бізге бағынышты!» атты облыстық деңгейдегі спорттық шара өткіздік. Қазан айында «Атырау көмекші-мектеп интернаты» тәрбиеленуші балаларына арналған «Балаларға қуаныш сыйлайық!» атты қайырымдылық шарасын, қараша айында ауылымыздағы жас отбасыларға арналған жанұялық өмірдің құндылықтарын насихаттайтын «Отбасым – бақытым!» атты көркемдік-музыкалық шарасын, желтоқсан айында ауылымызды мекен етіп тұрып жатқан өзге ұлт өкілдерінің қатысуымен өткен, ұлттар достастығын нығайтуға бағышталған «Қазақстан – ортақ мекенім!» атты көркемдік шараларын ұйымдастырдық. Осы тұста тағы бір айта кетер жайт –халықтың ерекше жандарға деген көзқарасы өзгеріп келеді. 2017-2018 жылдар аралығында ауданымыз бен ауылдық мекендердегі мектептер мен балабақша ұжымдарының қызметкерлері «Қазан айы – қайырымдылық айы!» атты акциясы шеңберінде өздерінің бір күндік жалақыларын қайырымдылық мақсатында қоғамдық қорға аударды. Түскен қаражатқа ауданымызға қарасты барлық елді-мекендерді қамтыған ерекше бүлдіршіндерге арналған Жаңа Жыл кеші ұйымдастырылып, сыйлықтар таратылды.
Қайырымдылыққа өз үлестерін қосқан барша халық пен мекеме ұжымдарына және бізге әрдайым қолдау көрсетіп отырған Махамбет ауданы әкімшілігіне алғысымыз шексіз! – дейді Қ.Құрмашев. «Ақжол» қоғамдық бірлестігінің биылғы жылғы басты жетістігі мүмкіндігі шектеулі жандарды ауылдың ішінде инватакси көлігімен тасымалдауға қол жеткізуі болып отыр.
Аудандық әкімшіліктің қолдауымен инватаксилердің ауданымызға келетін күні де алыс емес көрінеді.
-Егер де ел ішінде ерекше жандарға көмек көрсетемін немесе жұмыспен қамтимын деген меценаттар мен жеке кәсіпкерлер табылып жатса – нұр үстіне нұр болар еді. Осындай мүмкіндігі шектеулі ерекше жандарымызды қамқорлау арқылы дамыған қоғам қатарынан көрінетінімізді ұмытпасақ екен – дейді «Ақжол» Махамбет мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.
Б.Сүйеуова.