Ел ішінде орын алып жатқан су тасқыны дүйім жұртты алаңдатып отыр. Төтенше жағдай жарияланған аумақтарда тасқын судан қорғау жұмыстары қарқынды жүруде. Көктемгі өр суының алдын алу мақсатында аудан әкімдігі және оған қарасты барлық ауылдық округ әкімшіліктері, Төтенше жағдай қызметі, еріктілер күш біріктіріп, дайындық жұмыстарын бастап кетті.
Аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаев мекеме басшылары, мәслихат төрағасы, депутаттар, қоғамдық кеңес мүшелерінің қатысуымен жиын өткізді.
– Көктемгі су тасқынынан сақтануға қамданысты күшейту мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Махамбет ауданында жоспарлы да жүйелі жұмыстар атқарылуда. Аудандағы 9 ауылдық округке қарасты 21 елді мекеннің аумағындағы қорғаныс бөгеттерінің жалпы ұзындығы 81 шақырымға жуықтайды. Бұлардың әрқайсысы сәйкесінше, әрбір ауылдық округ әкімдігінің теңгеріміне алынған. Бүгінде су басу қаупі бар ауылдар қатарында Бейбарыс, Талдыкөл, Алға ауылдары айқындалып отыр. Тұрғындарға ресми нақты ақпаратты беруіміз қажет. Ең алдымен елдің ішінде бос үрей туғызып, халықты алаңдатпайық. Ауылдық округтерде қазіргі жүргізіліп жатқан жұмыстар көктемгі тасқын судың алдын алу бағытында жасалып жатқан дайындықтар. Баршаңызды айтып келмейтін апат кезінде жұдырықтай бір болуға шақырамын, – деді аудан әкімі Қ.Нұрлыбаев.
Айта кету керек, аудан бойынша 15 жиналу-көшіру пункті құрылып, 94 еріктілер құрамы жасақталды. Техникалар саны – 28, су соратын мотопомпа – 12. Қосымша аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі арқылы 6 мотопомпа сатып алынды. Сондай-ақ 11 дана төтенше жағдай кезінде халықты құлақтандыру, дабыл қағу құрылғысы орнатылып, дайындық режиміне келтірілді. Ауданда қазіргі уақытта 10 мың қап бар. Аудан бюджетінен қосымша қаржы бөлініп, қосымша 17 мың қап және дизель отыны сатып алынады.
Аудан әкімі тиісті орынбасарларымен дербес бөлім басшыларына ауылдық округ әкімдерімен алдағы атқаратын жұмыстарды нақтылап, жұмыс бағытын күшейтуді тапсырды.
Қазіргі таңда әр ауылдық округтер бойынша жағадағы бөгеттерді күшейтуге мекемелерден техникалар бөлініп, тиісті жауапты өкілдер белгіленді.
Ең қауіпті деп танылған Талдыкөл ауылының жағасына судан қорғану бөгетін бекітуге 6 млн. теңге қаржы бөлініп, мердігер арқылы 26 наурыздан бастап ауданнан, жеке кәсіпкерлерден 6 техника және 94 ерікті адам жұмылдырылды.Соның нәтижесінде 400 метр бөгет жөнделіп, қауіпті жағаға 4000 қапшық қапталды.
Айта кету керек, өткен жылы су деңгейінің ең жоғарғы көрсеткіші мамыр айында 7 м 30 см-ге жетіп, тоқтаған. Ал, қазіргі уақытта «Қазгидромет» орталығының күнделікті беріп отқан мәліметіне сүйенсек, су деңгейінің көрсеткіші 3 сәуірдегі жағдай бойынша +5 см құрап отыр.
ӨЗ ТІЛШІМІЗ