«Бұл туралы аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетовтің жетекшілігімен өткен жиында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша Департаментінің басшысы Салауат Мүксімов мәлімдеді»,-деп хабарлайды Атырау облыстық коммникациялар қызметі.
Селекторлық отырыста облыстың жергілікті атқарушы органдарының 2020 жылғы қызмет тиімділігін бағалау нәтижелерін қорытындылады.
«Мемлекеттік органдардың қызметінің тиімділігіне жыл сайын бағалау жүргізіліп келеді. Бұл - Президент Жарлығымен айқындалған, айрықша маңызды құжат. Бағалаудың негізгі мақсаты – мемлекеттік органдардың қызмет сапасын жақсарту мен нәтижелілігін арттыру болып табылады»,-деді М.Досмұхамбетов.
Өз кезегінде Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша Департаментінің басшысы Салауат Мүксімов өңір көрсеткішіне тоқталды. «Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен Президент Әкімшілігінің бірлескен бұйрығымен бекітілген операциялық бағалау кестесіне cәйкес, облыстың жергілікті атқарушы органдарының «Мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасы» бойынша 2020 жылғы қызметінің тиімділігіне бағалау жүргізілді. Қорытындыға сәйкес, Атырау облысы бойынша жергілікті атқарушы органдардың жұмыстары мүмкін болатын 100 баллдың ішінен 93,16 баллды құрап, республикадағы басқа облыстардың көрсеткішімен салыстырғанда төртінші орынды иеленіп отыр. Бұл көрсеткіш 2019 жылмен салыстырғанда 58,56 баллға жоғарылаған»,-деді С.Мүксімов.
Сондай-ақ, жиында аумақты дамыту бағдарламасының мақсаттарына қол жеткізу, мемлекеттік органдардың ақпараттық технологияларды қолдануы мен ашықтығы, жеке және заңды тұлғалармен өзара іс-қимылы кеңінен қозғалды. Жиын соңында аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов қызметтің тиімділігі мен нәтижелігін арттыру бойынша жауапкершілікті күшейту, қызмет сапасын жақсарту, қызметкерлердің біліктілігін көтеру бойынша нақты тапсырмалар берді. Оған қоса, нормативтік-құқықтық құжаттарды меңгеруге, заңнама талаптарының сақталуына назар аударуды баса айтты. «Мемлекеттік функциялар сапалы орындалу тиіс. Ал, қызметтер көрсету процесін үнемі жетілдіру басты міндетіміз. Онсыз даму, әлеуметтік, экономикалық оң көрсеткіштерге қол жеткізу мүмкін болмайды. Бірқатар көрсеткіштерге қол жеткізілмей отыр, жетілдіруді қажет ететін тұстар да бар. Сондықтан, әрбір сала, бағдарламалар бойынша салыстырмалы талдауларды тоқсан сайын жүргізіп, тапсырмалардың мерзімінде орындалуын қамтамасыз ету қажет»,-деді Махамбет Досмұхамбетов.