Атырау "ЭТНО FEST" : Ұлттық өнер дәріптелді

29-мамырда Атырау этно-фест фестивалінің  қала, аудан  мәдениет күндері басталды.  Фестивальға Атырау қаласы мен жеті аудан қатысты.  Әр аудан екі киіз үйден тігіп, онда қолөнер бұйымдары, салт-дәстүрлерін  насихаттайтын  тарихи жәдігерлер, кітап көрмелері болды.  

Атырау этнофест өңірдегі ұлттық құндылықтарды дәріптеп, әр ауданның мәдени ерекшелігін көрсету мақсатын көздеді.  Шара барысында жұртшылық қолөнер көрмелерін, концерттік бағдарламаларын тамашалады.  Ұлттық  ән-күйден шашу шашылып,  этнокөрмені тамашалаушыларға нағыз рухани демалыс, көтеріңкі  көңіл-күй сыйлады.  Өнер додасына қатысушы аудандар шеруі басталды.  Шеру көшін Атырау қаласы бастады. Одан әрі  Мақат, Қызылқоға, Исатай, Махамбет, Индер, Жылыой  аудандары жалғастырды.

Атырау этно-фест фестивалін  ашқан Атырау облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арман Әділғалиев  облыс халқын құттықтап, бұл халық өнерін, ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында ұйымдастырылып жатқанын айтып, этноауыл көріністерін тамашалауға шақырды.

«Жақсыны көрмекке» деп этнокөрмені тамашалауға қала тұрғындарымен қатар  А.Әділғалиев бастаған комиссия мүшелері  әр этноауылға бас сұқты.  Атырау этноауылының  жанында  жастар алтыбақан теуіп жатыр. Атыраудан соң кезек  Мақат ауданына келді.  Алдымен  «Мақат деген атау қайдан шықты?» дегенге тоқталды.   Ертеде сол өңірде Шабанқара байдың Мақат деген баласын  біреулер өлтіріп кеткенін, 1911 жылы өңірлерді картаға түсірушілер «бұл жер қалай аталады?» деп сұрағанда  жергілікті тұрғындар « бұл Мақаттың жері» деген соң картаға  «Мақат» деп түскенін айтты.  Мұнда тарихқа бай «Таскешу керуен сарай» табылған.  Таскешу керуен сарайы сол кездегі саудагерлер демалыс орны болған көрінеді.   ЛЭД экраннан  Мақат өңіріне белгілі  адамдар  Хамза Сембаев,  Рысбай Ғабдиев,  Муса Баймұхановтар туралы жас интеллект арқылы мағлұмат берілді.  Ол кезде мұнайды түйе арбамен тасыған екен.  Сол «Түйе арба» тас мүсіні де тұр.  Келушілер қасына суретке түсіп жатыр.

Исатай ауданы этноауылында көрмедегі ашамай, диірмен, торсық, жез самаурын, білте шам, айболта, шоқпар, патефон, радиолла, ағаш шылапшын, елу жыл болған қазан, кебеже сынды  көне жәдігерлерді таныстырды.  Үй жанында отырған ақ кимешекті  әжелер жүн түтіп, алаша тоқумен айналысуда.   Этноауыл жанында қыз бен жігіт айтысы тамашаланды.   Екінші киіз үйде сол жақта қымыз, бөлкелер көрмесі орналасыпты.  Кәсіпкер Динар Дусипкалиева қымыз өндірумен шұғылданады.  Ағаш шебері  Абай Хамидуллин сандық тағы басқа бұйымдар жасаса, кәсіпкер Гүлзира Хайруллина  көрпелер, тоқыма  көйлектер, жакеттерін  көрмеге әкеліпті.  Ауданға қарасты «ПотенциалОйл» мекемесі барын білдік.  Кәсіпкер Нұрайна Қуанышкерева қыз жасауын, Гүлбану Болатқызы көрпелер, жұмсақ ойыншықтар, жастықшаларын таныстырды.  Құмай тазы, бүркітін ұстаған бүркітшіні де көрдік. Тазымен, бүркітпен суретке түсушілер де табылып жатты.

Құрманғазы ауданының этноауылында төрде күйші  Құрманғазы портреті тұр.  Сол жақта  тұрған Мақаш әкім портретін,  Қиғаш өзенінде өсіп жатқан Лотос гүлін таныстыруға көшті.  Одан әрі ауданның сызылған  ежелгі  картасы тұр.   ЛЭД экраннан бейнеролик көрсетіліп, әртістер Р.Отарбаев, Х.Доспанова прототиптері ретінде көрініс тауыпты.   Мұнда да этноауыл іргесіне қолөнершілер жайғасқан екен.ақ кимешекті әжелер бірі жүн түтсе, екіншісі ұршық иіріп отыр.  Екінші ағаш үйде түрлі картиналарды көрдік,  ауданда  2018 жылы ашылған өнер мектебінің  шәкірттерінің салған суреттері, портреттік жұмыстары қойылған. Бір қаларлығы, қолөнершінің құс жүнінен жасалған картиналары да бар болып шықты.  «Бәйге», «Атбегі», «домбырашы», Құрманғазы, Абай, Хиуаз Доспанова портреттері де менмұндалайды.  Моншақтан, бисермен көмкеріліп жасалған үш  әйелдер сөмкесі, зергерлік бұйымдар-сырға, сақина, шашбау, өңіржиек, шаш ұстатқыштан(заколка) көз тұнады.  Көп бұйымдарды әсіресе, зергерлік бұйымдарды оқушылар жасаған көрінеді.  Түрлі жұмсақ ойыншықтар-аю, қоян, ит, құс, балықтар да бар. Ағаштан жасалған аттың мүсіні де тұр екен.  Алыстан қарағанда бейне шын тұлпарды  көргендей боласың.

Махамбет ауданының этноауылы келушілерді   «Қоянды жәрмеңкесі» көрінісімен шашу шашып, қарсы алды.   Көріністе аты аңызға айналып,  әлемге жайылған «Қоянды жәрмеңкесіне» шақырып, Біржан сал келгенін хабарлады.  Біржан сал нөкерлерімен келіп, жәрмеңкеде ән шырқады.  Ұлттық әндерге де  кезек беріліп жатыр.  Ағаш үйдің оң  қапталында  жағалай  ұлттық тағамдар -сүт, шұбат, қымыз  сапырып, қаймақ, май шайқап, құрт жасап жатқан, қол диірменге тары, талқан түйген әжелеріміз  отыр екен.  Шапан киген ауыл ақсақалы Амангелді Есенғалиев ағамыз бата берді. Үйдің жанында әжелеріміз  жүн сабап, түтіп, қолөнер бұйымдарын жасауда.  Одан бергі жағында Сарайшық музейінің макеті тұр.  Екінші ағаш үйде орналасқан этнокөрмені  Манас Ілиясұлы таныстыруға көшті.  Мұнда Сарайшық, Махамбет өлкетану музейлерінен 24 экспонат қойылыпты.  Ортағасырлық ежелгі Сарайшықта керамика, көзе жасау шеберханалары жақсы дамыған.  Ол заманда керамика ыдыстарда, көзелерде  бір басты үш балық, бір басы бар үш қоян бейнелері бейнеленген екен.  Бүгінде хас шебер Зинаида Урингалиева  Жібек жолындағы  ортағасырлық  Сарайшықтағы керамиканы  жаңғырту, құмыраға, тас құманға гүл салуды жалғастырып жатқанын еске салды.  Ол  жаңғыртқан бірнеше керамика тарелкаларды, ыдыстарды, көзелерді  көрмеге қойғанын айтты.  Қазіргі керамика ыдыстардан еш айырмашылығы жоқ екен.  Қайта бәрі жоғары сапалы, морт сынғыш емес.  Жеңіл, әдемі ыдыстар алыстан көз тартып тұр.  ЖК Куанышкалиев, «Армангүл» ЖК, К.Жұмагулов ЖК, кәсіпкер З.Қуанышқалиева бұйымдары да қойылыпты.  Өтепқалиев кәсіпкерлігі қамшылары, қолдан жасалған қобыз аспаптары да тұр.

Индер ауданы этноауылы  да  ұлт аспаптар ансамблі ән-жырымен қарсы алды. Киіз үй ішінде ЖК RvtoEtyIe  өндірген бұйымдар- автожабынды (чехол),  автосалон ішінің  кресло, орындықтарға арналған жабындылар, жол сөмкелер тұр.  «Дендер» этно және ұлттық өінімдері де бар екен. Мұнда да әйел сөмкелері, ерлердің этношапандары, жакеттер, түрлі киім-кешектер, әйелдер көйлектері,  асықтың үстіне құйып жасалған брелогтардың өзі 4000 теңге екенін білдік. Лариса Шынтаеваның қолөнер бұйымдары да бар, атап айтсақ торсықтар, түйе, балық пішіндері, жұмсақ ойыншықтардан көз тұнады.  Светлана Енбаеваның қолөнер бұйымдары да тұр.  Қанат Ермекқалиевтің картиналары да менмұндалайды.  «АсылАгро» ЖШС өнімдері-шұжықтың сан түрі,  «ДаКа» кәсіпкерлігі тұшпаралары, котлеттері де бар.  «Алға» ШҚ   сүт өнімдері- айран,сүт, ірімшік, сүзбе, құрт, май, тағы басқа өнімдері де толып тұр.  «Улжабаев» ЖК өнімдері-торт,  кісенан,  пирог,  ірімшік, құрт, сүзбе де бар болып шықты. М.Айнашев ШҚ өнімдері де қойылыпты. Ең шетте  белгілі  қылқалам шебері, суретші тілек Халиннің портреттері  тұр.

Киіз үйден шыққанда оң жақта Индер ауданының құрылыс өнімдері қойылыпты. «ПромСтройИндер» ЖШС өнімдері-гипс, бручаткалар да тұр.  «Индертұз» ЖШС –тің түрлі көлемде өндірілген тұздары да бар.  «ПромСтройИндер» ЖШС-тұйық циклді өндіріс кәсіпорнында гипс карьерден шикізат ретінде қолданылатын болып шықты. Бүгінгі күні  толық көлемде өндіріс орны- Индер зауыты да жұмыс істеуде.  Индер тұзы 150 мың тонна ас тұзын, техникалық тұздар өндіріледі. Еліміздің төрт облысын тұзбен қамтып отыр. Тұзбен Ресейді 80 пайыз қамтитын болып шықты.   Жалпы техникалық тұз химия өнеркәсібінде, жол сапасында  100 пайыз қолданылып жүр.  Жалпы тұздың 30 келілік түрі болсын, техникалық қара тұз болсын үлкен сұранысқа ие. Мекеме 180 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған жайы бар. Екінші киіз үйде қолөнершілер бұйымдарына кезек беріліпті. Мұнда В.Ержанованың аяқ киімдері, С.Шамарованың бас киімдер, көпшіктері, Д.Есмуратова қолдан жасалған қолөнер бұйымдары-көпшіктер, доптар, тағы басқа заттар қойылыпты. Өнер мектебінің оқушылары суреттері, картиналары тұр.

Қызылқоға ауданы этноауылының өнерпаздары сазгер  Х.Ізекеновтің «Тайсойған», «Мөлдірім» әндерімен қарсы алды.  Ағаш үй іші толған картиналар бейне суретшілер галериясы дерсің. Келушілер санмыңдаған моншақпен тізілген қалыңдықтың бас киімі-сәукелені тамашалап жатыр, торсықтар, ағаш бұйымдар, садақ, қобыз, сырмақ, қыз-келіншектердің әшекей бұйымдарынан көз сүрінеді. Оюлы киіз де тұр екен. Сонымен қатар киізден тігілген аяқ киімдер-байпақ, ұйық та қойылыпты. Қызылқоға ауданында 10 ауылдық округ, 21 елді мекен бар.  Құрылыстан ауданда жастар ресурстық орталығы, өнер мектебі салынып, пайдалануға беріліпті. Қолөнер шеберлері Астанада өткен Көшпенділер ойынына қатысқанын білдік.

Жылыой ауданында робототехника жақсы дамыған екен.  Түрлі көлемді роботтар, аяқ киім тапқыш робот, екі ұшақ,  типлоходты (кеме) үлкен етіп, бес ай жасаған көрінеді. Робототехника үйірмесі оқушылары Дубайға жолдама ұтып алыпты.   Жалпы Жылыой ауданы бір қала, бес ауылдық округтен тұратынын білдік. ЛЭД экран арқылы аудан тарихы, тұлғалар туралы мәліметтер көрсетілді. Жылыой жерінен алтын киімді адам табылғанын білеміз.(1999 ж). Аралтөбеден де қазба орындары ашылған.  Тасмүсіндер де тұр.  Қарашүңгіл кен орны 1848 жылы ашылған.  Белгілі адамдар  -С.Мәтениязов, Р.Отарбаев, Қасым хан, Қ.Жылқышиев портреттері тұр.  Таяуда  Алтын адамның  кіші мүсіні табылған көрінеді.  Өнер мектебі оқушыларының, жас техниктер стансасы стенді, суреттері де орналасыпты. Этнографиялық ансамбль Ғ.Құрманғалиевтің «Сүйген жар» әнін шырқап, көптің қошеметіне бөленді.   Жылыойдың екінші киіз үйінде  таныстырушы  «Құлсары атауы қайдан шықты? Құлсары ата туралы аңыз, мұнай атқылағанда түс көруі, кейін ауыл Құлсары атануы» жайлы баяндады.   Терме алаша тоқушы қолөнершілер, қамшы өрудің хас шебері бес қамшысын көрмеге қойыпты.  Қамшы өремін дегенді үйретіп жатқанын айтты. Бір бұрышта томағасы бар бүркіт отыр. Бір әйел бүркіт басынан сипап та көрді.  Сыртта салынған үлкен  Жылыой картасын таныстырса,  садақшы қаз-қатар тізілген оқтарын қорамсаға  салып,  садағын атуға қолға алды.  Садақшының атқан оғы нысанаға дәл тиіп жатты.  

Комиссия мүшелері ең  шетте кіреберістегі сөрелерде заттарымен жайғасқан Атырау қолөнершілеріне бұрылды.  Ол жерде екі жақты алып, Атырау қаласының қолөнершілерімен қатар Индер, Мақат, Қызылқоға, Исатай ауданынан келген қолөнершілер өз бұйымдарын халыққа ұсынды. Тіккен, тоқыған бұйымдар, әшекей бұйымдарды қызықтап, керегін сатып алып жатқандар да кездесті. Бір жігіт әйелі мен қызына күміс алқа сырға-сақинасымен сатып алды.   Индер ауданынан келген қолөнерші викториналық сауалнама жүргізіп жатыр. 

А.Қуанышқалиева

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT