Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі — халқымыздың ғасырлар бойы аңсаған арманы, ата-бабаларымыздың төккен қаны мен терінің өтеуі. Ал осы тәуелсіздігіміздің берік негізі, құқықтық тұғыры — еліміздің басты құжаты, Ата Заңымыз болып табылады.
1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы — мемлекеттің тұтастығын, халықтың бірлігін, адам құқығы мен бостандығын қамтамасыз ететін басты құндылық. Бұл күн — тек заң қабылданған күн ғана емес, бұл — елдің құқықтық мемлекет ретінде қалыптасуына бағытталған тарихи кезең.
Ата Заңымызда Қазақстан — демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет екені айқын көрсетілген. Әр азаматтың құқығы мен бостандығы заңмен қорғалады, мемлекеттік билік халыққа тиесілі деп жарияланады. Мұның өзі ел тәуелсіздігінің тірегі, әрі кепілі екенін білдіреді.
Бүгінде Конституцияның арқасында Қазақстанда этносаралық татулық, діни келісім, еркіндік пен тұрақтылық орнаған. Осы заң аясында ел дамуының стратегиялық бағыттары айқындалып, халықаралық аренада беделіміз артты.
Қорыта айтқанда, Ата Заң — еліміздің тәуелсіздігін айқындайтын, ел бірлігінің, әділет пен теңдіктің кепілі. Әр қазақстандық оны құрметтеп, қорғауға міндетті. Себебі Ата Заң — Тәуелсіз Қазақстанның мызғымас тірегі.
Г.Сағынова
аудандық сот әкімшісінің басшысы