Қазақстан Республикасы ауыл мектептерінің 5 және 6 сынып оқушылары арасында өткен «Мың бала» ұлттық олимпиадасының жеңімпазы атанғандар арасында ерекше көзге түскен.
О.Шонаев атындағы орта мектептің 6 «ә» сыныбының оқушысы Ерасыл Зайдоллаев болды. Есепке жүйрік бала – Захар мен Нұрсәуленің тұңғышы. Бастауыш сыныптың өзінде математикадан өтетін сайыстың барлығында да жүлдегерлер қатарынан табылып жүрген ол 2018 жылы «Білген бәйге» ұлттық сайыстарының аудандық, облыстық және республикалық кезеңінің І орын иегері атанды. Аздаған ақындығы да барын 3-сыныпта алған марапатынан байқадық.
Жақында ғана Нұр-Сұлтан қаласындағы «Жаңа білім» кәсіби білім беру және тұлғалық даму орталығының ұйымдастыруымен өткен «Ақылды бала» математикалық байқауында ІІІ орынды жеңіп алды. Анасы Нұрсәуленің аталары есепке жүйрік, білім қуған адамдар болған екен. «Жігіттің жақсысы – нағашыдан» деп жатуы тегін емес.
- Ерасылдың оқуға, білімге, әсіресе,математика пәніне деген құлшынысы жақсы. Ең бастысы – ата-анасының жауапкершілігі жоғары деуге болады. Сыныптастары ортасында беделді,барлық білім сайыстарында жүлде алып, мектептің абыройын асқақтатып жүр. Бұл пәнге қызығушылығын одан әрмен оятқан Гүлнар Насырқызының да еңбегін атап өткен жөн,- дейді сынып жетекшісі Ұлпан Жабуова.
Өзінен кейінгі інісі Ернардың да сабаққа қатысуы, оқуға ұмтылысы жақсы екен. Қарапайым отбасында тәрбие алып жатқан қос ұланның болашағынан зор үміт күтеміз. Ерасыл қазіргі уақытта Атырау қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің резервіне қабылданып, құжаттарын тапсырып қойған. Алдағы наурыз айында қабылдау емтиханынан сүрінбей өтсе, Ерасыл жетекші мектептің оқушысы атанбақ.
«Арманым – аудан әкімі болу»,-дейді Ерасыл.
Қ.БАҒЫТ