Антына адал дәрігер

Адам өмірінің қамқоршысы – дәрігер. Ауырған сәтте жанымыздан табылып, дертімізге дауа іздейтін ақ халатты абзал жандардың еңбегі ұшан-теңіз. Сондай жандардың бірі – Махамбет аудандық емханасының нарколог – дәрігері Болат Көшмағамбетов. Жуырда ғана Болат Наурызұлы елордамыз Астанада өткен конференцияда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласын насихаттау аясында І дәрежелі дипломмен марапатта­лып, «Қазақстанның құрметті дәрігері» төсбелгісіне ие болды.

– Дәрігер болу менің бала күннен армандаған мамандығым еді. Әр науқастың жазылып кеткенін көргенде жаным жай табады. Әсіресе, нарколог дәрігері ретінде көптеген отбасының бақытын, қайта орнатуға үлес қосу – үлкен жауапкершілік. Біздің жұмысымызда ең маңыздысы – науқастың сеніміне ие болу. Тек қана дәрі-дәрмекпен емес, жүрекпен емдеу ке­рек. Әр науқастың артында оның отбасы, жақындары тұр. Сондықтан біз тек бір адам­ды емес, бүтін бір отбасын емдейміз деп түсінемін,- деп ой бөліседі тәжірибелі дәрігер.

Болат Наурызұлының дәрігерлік жолы 1995 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина институтын тәмамдағаннан басталды. Алғашқы еңбек жолын Аты­рау облыстық ауруханасының лор бөлімшесінде дәрігер- интерн болып бастаған ол кейіннен Махамбет аудандық орталық ауруханасында түрлі қызметтер атқарды. Учаскелік дәрігер, жанұялық дәрігер, Ал­малы елді мекенінің емхана­сын басқарған жылдар оның кәсіби тәжірибесін шыңдай түсті.

2006 жылдан бері Махамбет аудандық емханасында нарко­лог дәрігері қызметін атқарып келе жатқан Болат Наурызұлы өз білімін үнемі жетілдіріп отырады. Алматы, Ақтөбе қалаларында біліктілігін арт­тырып, 2017 жылдан бері І санатты дәрігер-нарколог атағын иеленіп отыр.

– Жиырма жылдан астам уақыт бойы нарколог болып, қызмет етіп келемін. Осы жылдар ішінде жүздеген адамның өмірге қайта ора­луына көмектестім. Бұл – менің ең үлкен жетістігім деп санаймын. Әрине, кез келген нәтижеге жету үшін науқастың өзінің ынта­сы, отбасының қолдауы өте маңызды,- деп атап өтті Болат Көшмағамбетов.

Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азамат­тар мемлекетімізді дамытады. Біз қарапайым еңбек адамы­на құрмет көрсетуіміз керек. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды. Өз саласының шеберіне әрдайым сұраныс болады. Өскелең ұрпақ

Қазақстанда ғана емес, өзге елдерде бәсекеге қабілетті болуы керек. Шын мәнінде ең бастысы – адал еңбек. Біз мұны жете түсінетін ұрпақ тәрбиелеуге тиіспіз»,- деген болатын. Болат Наурызұлының еліміздің да­муына қосып жүрген үлесі, жеткен жетістіктері – жас буынға үлгі – өнеге. Өз ісінің кәсіби мамандарының арқасында жаңа Қазақстанның тәуелсіздігі мығым, экономикасы қуатты, рухы асқақ мемлекет болаты­нына сенім жоғары.

Табиғатынан қарапайым, халықтың денсаулығын күзетуді өмірлік мұратына айналдырған дәрігердің бұл марапаты – көп жылғы адал еңбегінің жемісі. Ауыл тұрғындарының денсаулығын нығайту жолында аянбай қызмет етіп келе жатқан Болат Наурызұлына алдағы уақытта да толағай табыстар тілейміз.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT