Аудандық әкімдіктің мәжіліс залында ауданымыздың тумасы, жерлесіміз, асыл ағаларымыздың бірі Алғи Ахмедиярұлына «Махамбет ауданының Құрметті азаматы» атағын беруге арналған салтанатты жиын өтті.
Аудандық мәслихаттың хатшысы М.Мырзашев ағамыздың өмірбаянына қысқаша тоқталып, одан әрі сөз кезегін аудан әкімі С.Рысқалиевке ұсынды. - Құрметті Алғи аға! Сіз Атырау өңірінің қасиетті топырағында дүниеге келіп, күллі саналы өміріңізді еселі еңбегіңізді, туған елін түлетуге арнаған азаматсыз. Сізді Махамбет ауданы жұртшылығы жақсы біледі. Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын тәмамдап, ауданда бас малдәрігері қызметін атқарған кезіңізде, ауыл шаруашылығын дамытуға, ауыл мәдениетін көркейтуге қосқан зор еңбегіңіз қанаттас болған әріптестеріңіз бен дос-жарандарыңыз үшін зор мақтаныш, жас ұрпақ үшін өмір мектебі екені даусыз. Сіздердей алдыңғы буын ағалардың жүріп өткен жолы біз үшін қашанда өнеге,-деп ақжарма тілегін арнаған аудан басшысы Сырым Мұратұлы марапат иесіне төсбелгі мен Алғыс хатын ұсынып, иығына шапан жапты.
Алғи Ахмедияров 1938 жылы қыркүйек айының 13-ші жұлдызында Таңдай ауылында дүниеге келіп, онжылдықты Махамбет ауылынан оқып бітіргесін, 1956 жылы Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтының малдәрігерлік мамандығы бойынша бітіреді. Еңбек жолын 1961 жылы Махамбет ауданы «Чапаев» совхозында мал дәрігері болып бастайды. Жұмыс жасаған кезінде ауыл шаруашылығын дамытуға, ауыл мәдениетін көтеруге зор үлесін қосады. 1967-1968 жылдары білімін көтеру мақсатында Алматыға келіп, Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Туберкулез ғылыми-зерттеу институтында кіші ғылыми қызметкер болып, түйе малындағы туберкулез ауруын зерттеп, кейін Қазақтың мал дәрігерлік ғылыми-зерттеу институтында аспирантурада оқып, кандидаттық дессертация қорғап, «мал дәрігерлік ғылымдарының кандидаты» деген атаққа ие болады. Әр жылдары түрлі жауапты қызметтерді абыроймен атқарып, осы мезгіл ішінде қырықтан астам ғылыми еңбектер жазған. Жан-жары Гүлжамал Сейтжанқызымен отбасын құрып, дүниеге 3 ұл, 1 қыз әкеліп, олардан 13 немере, 6 шөбере сүйген.
Ауданның Құрметті ардагері М.Оразғалиұлы, аудандық мәслихаттың депутаты С.Шотпақов, Таңдай ауылдық округінің әкімі Қ.Мажиев, спорт саласының ардагері Ж.Сұлтановтар ардагерді марапатымен құттықтап, жүрекжарды лебіздерін білдірді. Жиын соңында мінберге көтерілген А.Ахмедиярұлы аудан әкімі С.Мұратұлына, аудандық мәслихаттың депутаттарына, құттықтап жатырған барша жерлестеріне алғысын айтып, ризашылығын білдірді.
Баян СҮЙЕУОВА.