«Алтын ине» салудың шебері

Ақ халатты абзал жандардың әр күнгі еселі еңбегі – адам өмірінің Алладан кейінгі арашашысы.

Денсаулықтың өзі өлшемі жоқ, өзгеше дүние. Оның сапасын саралап, күтімін көтеру – тынымсыз тірлікті, тиянақты тірлікті қажет етеді. Ел дамуына үлес қосқан азаматтардың еңбек жолы мен жетістіктерін баяндап, көпшілікке таныстыру мақсатында денсаулық сақтау саласының үздігі, аудандық аурухананың УЗИ кабинетінің тәжірибелі дәрігері Мәди Қарағожиевпен тілдесіп қайттық.

Мәди Қарағожиев 1949 жылы 7 шілдеде дүниеге келген. 1966 жылы Сарытоғай орта мектебін «Күміс медальмен» бітіріп, Ақтөбе медициналық институтына оқуға түседі. Институтты 1972 жылы аяқтап, Гурьев облыстық ауруханасының терапиялық бөлімінде еңбек жолын бастайды. Кейін бөлім екіге бөлініп, кардиология бөлімінде жұмыс жалғастырады. Темір жол ауруханасында да еңбек етеді. Балықшы аудандық ауруханасының меңгеруші, орынбасары болып қызмет етіп, кейін 1982 жылы Махамбет аудандық ауруханасына ауысып, содан бері маманның тапшылығына байланысты зейнет жасынан асып кетсе де қызмет етіп келеді.

madiaga-31120-3

- Кардиология бөлімінде қызмет еткен жылдары біліктілігімді арттыру бойынша Баку, Волгоград, Ленинград (қазіргі Санкт-Петергбург) қалаларына оқуға бардым. Сондай-ақ дәстүрлі емес медицинаның ине салу, Суджок терапия секілді салаларын меңгердім. Махамбет ауданына ауысып келген жылдары ине терапиясымен айналысып жүрдім. Ине салудың көп нәрсеге пайдасы бар. Адамның белі ауырып, балтыры сыздаса, инсульттан кейінгі сауықтыруға ем болады. Кейін 2001 жылы УЗИ кабинетінің дәрігері болып қызметке орналасып, содан бері табан аудармастан еңбек етіп келемін,- дейді М.Мағзомұлы.

Ине терапиясы – Шығыс-Тибес медицинасында кең тараған, дәлдік пен тиянақтылықты талап ететін емнің бір түрі. Дәрі ішуден шаршаған кей науқастар ағзаны инемен емдеу әдісіне жүгінетін көрінеді. Тіпті Америкада нашақорларды осы әдіспен емдейді екен. «Алтын иненің көмегімен жаман әдеттерден арылуға болады» дейді мамандар. Ол үшін инені 500-ден аса нүкте орналасқан құлақтағы арнайы нүктелерге салады. Ине терапиясы ағзаның жалпы жұмысын жақсартып, адамның күш-қуатын арттырып, өмірге деген құлшынысы мен есте сақтау қабілетін жақсартады. Кезінде ел билеген патшалар мен бай-манаптар емдік инелерді алтыннан жасатқан мезгілден бастап, «алтын ине « аталып кеткен. Аты «алтын ине» болғанмен де, заты ешқандай алтын емес.

Мәди аға қос баладан тараған немере-жиендерінің қызығына бөленіп отыр. Бір қызығы, бір кездері жанында мейірбике болған Майсара апа қазір де ағаның жанынан табылып, бір шаңырақ астында ғұмыр кешуде.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521