Алимент төлемегені үшін әкімшілік жаза қолданылды.
Бұл туралы аудандық соттың баспасөз қызметі хабарлады.Сотта анықталғандай, азамат Б. Атырау қалалық сотының 2016 жылғы 19 ақпандағы К-ның пайдасына кәмелетке толмаған балаларға ай сайын еңбекақысының немесе өзге кірістерінің үштен бірі мөлшерінде алимент өндіру жөніндегі сот бұйрығын орындамаған.
Махамбет аудандық сотында азамат Б-ға қатысты әкімшілік іс қаралды. Сот отырысында «WhatsApp»-желісі арқылы байланысқа шыққан сот орындаушы У. өз айғағында Б-ға қатысты сот бұйрығына сәйкес, атқару өндірісі қозғағанын, борышкердің өндіріп алушының алдындағы бережағы 420 963 теңгені құрағанын, оған сот актісін орындау туралы ескерту берілгеніне қарамастан, сот актісін орындамағаны үшін әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасағанын айтып көрсетті.
«WhatsApp»-желісі арқылы байланысқа шыққан Б. өз түсініктемесінде әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасағанын мойындап, қазіргі уақытта төлеп отырған несиесі бар екенін, жалақысы жетпей жүргенін, алдағы уақытта төлейтінін, өзіне қатысты айыппұл жазасын қолдануды сұрады.
Сот қаулысымен Б. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасының Кодексінің 669-бабының 1-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 14 585 (он төрт мың бес жүз сексен бес) теңге әкімшілік айыппұл салу түріндегі әкімшілік жаза қолданылды.
Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.
Сурет:дереккөз