Бүгін,яғни 10 желтоқсан күні түскі сағат 2.30 да Махамбет ауылындағы «Марсель» диспетчерлік орталығынан 45 орындық жайлы автобус Атырау қаласына жол тартты.
Облыс орталығына бір табан жақын орналасқан Махамбет ауданы тұрғындары үшін күнделікті қалаға қатынау тап онша қиындық туғызбайды. Темір тұлпар тізгіндеген такси жүргізушілері көзді ашып-жұмғанша зырғытып, діттеген жеріңе жеткізеді. Алайда, баламалы жолаушылар тасымалы көлігі болмағандықтан жеке көлік иелері де қызметтері үшін бағаны ауық-ауық «жер тайғақ, бензин қымбат» деген сылтаулармен секіртіп отырады.
Көптен бері шешімін күткен осы толғақты мәселенің түйіні тарқатылғандай болды Әп-сәтте әлеуметік желілер арқылы құлақтанып, автобусқа отырып үлгерген отыздан астам жолаушыларға сәт сапар тілеген «АлиТрансЛайн» ЖШС-нің механигі Озат Ерлан осы жолы алғашқы жолаушыларды тегін тасымалдайтынын жеткізді.
- Аудан әкімі Ж.Ахметовтың тікелей араласуымен Атырау қаласына қатынайтын жаңа маршрут ашылып отыр,-дейді аудандық тұрғын- үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы М.Ершиков,
-бұл жолаушылар өмірінің қауіпсіздігін сақтауға да барынша септігін тигізеді деп ойлаймын. Өйткені техникалық күтімі сайма-сай «KIA» маркалы жолаушылар тасымалдау көлігі шекті жылдамдықты асырмай, жол жүру ережелерін қатаң сақтап, күре жолдың бойымен бір қалыпты қозғалады. Жолақысы да қолжетімді. Бір бағытқа, яғни Махамбеттен Атырау қаласына дейін бір орынға 300 теңге алады.
Сонда Атырау қаласына барып келу үшін бар болғаны 600 теңге шығындайсыз. Ал, таксиге отырсаңыз 800 теңгеден бару-қайтуға 1600 теңгені санап бересіз. Қайсысы тиімді? Өздеріңіз ойлап көріңіз.
Автобус күн сайын таңғы сағат 7.00-де такси тұратын «Марсель» диспетчерлік орталығынан қозғалып кетеді. Кешкі сағат 19.00-де Атырау қаласындағы «Дина» базарынан Махамбетке қарай қозғалады. Мұның өзі қалаға барып, келіп жұмыс жасайтындар мен студенттер үшін үлкен жеңілдік дер едік.
Маршрут қожайындары тұрақты қатынайтын жолаушылар табылып, сұраныс артса, қосымша автобус шығаруға мүдделілік танытып отыр.
Н.Ерғалиев