Алға мәдениет үйінде өткен ауылдық округтің 2018 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен алда тұрған міндеттер туралы округ әкімі Ғ.Әбдешов слайдтан көрсете отырып баяндады.
Ауыл тұрғыны, зейнеткер Н.Берғалиева ауылда жоғары білімді дәрігер жоқтығын, өзіне тегін дәрі-дәрмек тіпті тимегенін, көбінесе өтпей жатқан дәрісін тықпалайтындарын айтты.
Округ әкімі жоғары білімді дәрігер барын, бірақ ол бала күтімінде отырғанын тілге тиек етті. Сауал қойған тағы бір тұрғын үйдегі газ жанбай, жұмыс жасамай қалып, ауданнан маман шақыртқанымен, ол мүлдем келмегенін, ақыры басқа жаңа газ сатып алуға мәжбүр болғанын, ақша жинауға келгенде шауып келетінін қынжыла баяндады. Оған «ҚазТрансГазАймақ» АҚ аудандық газ шаруашылығы бөлімінің директоры С.Аманғалиев жауап беріп, газды жөндеумен «Атырау-РЦКУ» мекемесі айналысатынын, бір мастер үлгермейтінін, ауылдағы Мейрамбек деген жігітке міндеттеп қойғанын, мекемемен келісім-шартқа отырса, міндетті түрде қарайтынын еске салды. Алдымен әр тұрғын газын қаратып, келісім-шартқа отырған соң ғана ақшасын беруі тиістігін қаперледі. «Сыртта тұрған газ есептегіш құралға неге 1300 теңгеден алады?» деген сұраққа мекеме басшысы температуралық режимге байланысты қыста ғана ақы алынатынын, ішке кіргізсе, сваркаға, кіргізгенге 15-20 мың төлеу керектігін айтты.
Зейнеткер Б.Сарсемалиева баласының мал дәрігері болып еңбек ететінін, несиеге автокөлік сатып әпергенін, кейін соны жекеге айналдырып алғандарын, маман ретінде жұмысында бір реттік халат, қолғап, бетпердеге дейін бермейтінін, баласы үшін бәрін өзі сатып әперетінін, мал егетін ине(шприц) те берілмегенін айтып, кеңес заманы кезінде қолданған бұрынғы қайнататын инені мал егуге пайдаланатынын да жасырмады. Ол ауылдан мал арасында болатын пастериоз, дерматит аурулары шығып, ұлы күн-түн демей еңбек еткенін, желтоқсан соңында жұмысынан қысқартып, келісім-шартпен кері алғанын, неге құралдармен мезгілінде жабдықтамайтынына реніш білдірді. Оған жауап берген аудандық ветеринария бөлімінің басшысы М.Сидеғалиев автокөлікті 2013 жылы алғандарын, жұқпалы ауру шықпаған кезде көлікке жанармай(бензин) қарастырылмайтынын, 10 ауылда 10 машина барын, қорғаныш құралдары жыл басында 1 рет халат, қолғап, бетперде берілетінін, келісім-шартқа отырып, жалақысын алып отырғандарын, 31 желтоқсанда ветеринарлық станса КМК-мен босатылса, ал 2 қаңтарда кері алынатынын, Нұрсейіттей 20-30 адам барын еске салды. Ауылдағы ветеринарлық зертхана меңгерушісі Сағима бәрін сұраса да бермегендерін, үнемі көлікпен өз қаражаттарына жүретіндерін, берген 20 л бензин ештеңеге жетпейтінін айтып өтті. Бөлім басшысы қажет нәрсенің бәрін беретінін, жолсапар куәлігінсіз(путевка) бензин бермейтінін ескертіп, баратын жерінің маршрутын, жол сапарын көрсетіп, бензин алуға болатынын мәлімдеді.
Зейнеткер Б.Әміров ауылда мал ұрлығы өршігенін, канал бойына малымен көшіп келіп, қоныстанатындар көбейгенін, Қарғалы жақтан бір малшы түн ішінде біраз мал айдап шыққанын көргендер барын, тек ол әкеткенімен қоймай, жолындағы малды да бірге айдап кететінін, төрт адам мал сойып әкеткенін жергілікті полицейлер көргенін, Атырау-Индер тасжолынан 20 сиыр жоғалғанын, көлік қағып кеткен малды машинамды бүлдірді деп иесіне төлем төлеттіргенін, бақташы малды таңнан кешке дейін бағатындықтан оған жарамды мініс аты керектігін айтып, осы мәселелерді шешіп беруді ұсынды.
Ауыл тұрғыны Б.Мажиев «Ақбұлақтың» 50 пайызы салынып, тоқтап қалғанын, бұрынғы су құбыры ескі екенін, төрт жыл игерілмей жатқандықтан ауыл халқы өзі тартып алғанын, ең болмаса үйге дейін тартып, жалғап бермегендерін, енді жазғы суды қосса деген тілегін білдірді. ИП «Гумаров» жетекшісі Қ.Гумаров құбырды кесіп, оны жалғап бере алмайтындарын, тек көктемде ғана қосып бере алатындарын, «Ақбұлақтың» фильтрі сынып қалғанын айтып, сәуірге дейін суды беруге уәде берді. Шығыс жақтағы мал каналдан су ішетінін, сондықтан каналды ұзартса деген сауалға «ҚазСушар» АҚ аудандық бөлімшесінің басшысы Б.Бисалиев биылғы суға 300 млн. қаржы бөлінгенін, Атырауға дейін, тіпті көлтабандар тазаланғанын, Қарсақбайға дейін барынша толтырып жатқандарын, болашақта су қоймасы салынатынын, бірақ судың да сұрауы бар дегендей, суға халық ақша төлемей жатқанын айтты. Ол көлтабанда су барын, өздеріне каналдың тек 10 км тапсырылса да бүгінде 22 км дейін су беріп отырғандарын, бейітке, Егіз каналындағы көлтабан жүріп жатқанын, жобада барын, тиесілі жерді үнемі бақылауда ұстап, қарайтындарын, жылма-жыл мал басы көбейіп жатқанын тілге тиек етті. Зейнеткер Т.Ұзақбаев айтылғанның бәрі де шешімін табатын мәселелер екенін, жаңа мәдениет үйі ауыл шетінен салынады деп естігенін, оны осы орыннан салуды, жаңа мектеп керек деген ойларымен бөлісті. Ауыл тұрғыны, зейнеткер Ұ.Мысабаева да ауыл әкімінің есебіне оң баға беріп, ауылдағы емхана іші салқындығын, оған жатып, ем-дом алуға мүмкіндіктің жоғын, ғимараттың жары жарылып, ортасына түсейін деп тұрғанын ескертті.
Аудан әкімі Ж.Бахуұлы ауданда атқарылған жұмыстарға, алдағы міндеттерге тоқталған соң одан әрі Алға мектебінің ауласында саман тастан салынған қаңырап бос тұрған ғимараттар көптігін, жері қоршалмағандықтан ел-жұрт кесіп өтіп жатқанын айтып, қашанда мемлекеттік мекеме бөлек, қоршаулы болуын, тез арада мектеп ауласын құланды-қирандылардан тазартуды тапсырды. Ал дәрігермен қамту, портал, дәрі-дәрмек мәселесін орынбасары С.Аманшиеваға тапсырып, ал бақташы шығаруды округ әкіміне жүктеді. Бақташыны аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы алуға болатынын да еске салды.