Жыл басын, ізгілік пен мейірімділіктің, береке мен бірліктің мерекесін ауыл халқы ерекше көңіл күймен, ықыласпен қарсы алады. Махамбет ауданы Ақжайық ауылы да Ұлыстың ұлы күнін дүркіретіп өткізді.
Төрт түлігін өріске өргізген соң, ауыл халқы ұлттық киімдерін киіп «Мәдениет үйіне» қарай аяңдады. Өйткені Наурыз той осы жерде тойланады. Орталыққа жиналған қариялар, ақ жаулықты аналар амандық-саулық сұрасып, төс қағыстырып, бірін-бірі құттықтап жатты.
Ақшаңқан киіз үй тігіліп, «Ұлыстың ұлы күні қазан толса, сол күні ақ мол болар» дегендей, екі-үш тай қазанда наурыз көже пісіріліп, жұртшылыққа бауырсақ ұсынылды.
Қыз-жігіттер өз өнерлерін ортаға салып, ақ дастарханға жиналған жұртқа мерекелік көңіл күй сыйлауға тырысты. Салт-дәстүрді насихаттауға бағытталған көріністер қойып, мерекенің шырайын келтірді. Жастар жағы арқан тартыс, қой көтеру, қол күресі, қазақша күрес, гір тасын көтеруден бағын сынады. Бозбала мен бойжеткендео алтыбақан аясына жиналды. Ауыл балалары асық атудан сынға түссе, қыздар бестас ойынына кірісіп кетті. Үздік ойын көрсетіп, жүлдегер атанғандар ұйымдастырушылар тарапынан диплом, ақшалай сыйақыға ие болды.
Жер бусанып, көк шығып, тіршілік қайта түлейтін көктемнің шуақты сәті, молшылықты, жақсылықты дәріптейтін осынау мереке ақжайықтардың есінде осылайша қалды.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ