Облыс әкімі Махамбет ауданының елді мекендерінде болып, ондағы жүргізіліп жатқан электр желісінің құрылысымен, су арналарының күрделі жөндеу жұмыстарымен, ауылішілік автокөлік жолының жай-күйімен, сондай-ақ, ауыл шаруашылығын дамыту мәселелерімен танысты, деп хабарлайды Атырау облыстық коммуникациялар қызметі.
Облыс әкімі сапарының алғашқы нысаны - ұзындығы 78 шақырымнан асатын «7 ауыл - Айсары» каналы болды. Қазіргі уақытта, осы жылдың шілде айынан бастап мұнда 6 экскаватормен каналды тереңдету және тазалау жұмыстары жүргізілуде. Арнаны қайта жаңарту жұмыстары - ауыл шаруашылығына керекті су тапшылығы мәселесін шешуге көмектеседі. Мәселен, «7 ауыл - Айсары» арнасы бойында 13 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Жергілікті бюджеттен бөлінген қаражат канал суы мен өту жолдарын тазарту, су реттегіш шлюздар салу секілді жұмыс түрлерін жүзеге асыруға жұмсалмақ. Күрделі жөндеу жұмыстары 2021 жылдың қаңтар айында аяқталады деп күтілуде.
Одан әрі аймақ басшысы Махамбет ауданының Жалғансай ауылдық округінде орналасқан Жайық өзені арқылы өтетін ұзындығы - 750 метр көпір өткелінің жөнделген бөлігімен танысты. Көпір 2018 жылдың қараша айында пайдалануға беріліп, өткен жылы аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы балансына өтті. 2020 жылдың мамыр айының ортасында нөсер жауын әсерінен көпір өткелінде асфальт жамылғысының бұзылуына байланысты ойық пайда болған еді. Көпір құрылысының бас мердігері - «АтырауИнжстрой» ЖШС. Келісімшарт бойынша мердігердің құрылысқа төрт жыл кепілдік мерзімі бар. Соған сәйкес, мамандар туындаған кемшіліктерді жөнге келтірді. Бүгінде барлық жұмыстар аяқталған, нысан көлік құралдарының қозғалысына қауіп төндірмейді.
Атырау облысының әкімі Ақтоғай ауылындағы жалпы ұзындығы 3 шақырымнан асатын ауылішілік жолдарының да жұмыс сапасы мен жүргізілу барысын тексерді. Мұндағы құрылыс жұмыстарына «Жұмыспен Камту» бағдарламасы аясында ауыл тұрғындары тартылған. Қазір Ақтоғай ауылдық округінде мыңнан аса адам тұрады. Ауылдағы халық санының өсуіне байланысты жаңа инженерлік инфрақұрылым мен газ желісі салынып жатыр. Жөндеу жұмыстары биыл аяқталады деп күтілуде. Бұдан бөлек, Махамбет Досмұхамбетов Ақтоғай ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункттің күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Жөндеу жұмыстарын «Атырау Эксперт Проект» ЖШС жүргізуде. Жұмысқа 11 адам тартылған, оның ішінде 7 адам жұмыспен қамту орталығы арқылы келген. Ғимарат тамыз айының аяғында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Сонымен қатар, аймақ басшысы Махамбет ауданындағы «Дебдиева З.» шаруа қожалығының егістік алқаптарын аралап көрді. Шаруашылық басшысымен кездесу барысында қазіргі жұмыс барысы және қожалықтың жеткен табыстары туралы айтылды. 90 гектар суармалы жерге көкөністер мен бақша дақылдары отырғызылған. Шаруа қожалығы жергілікті халық пен облыс орталығының тұрғындарын өз өнімдерімен қамтамасыз етеді. Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов аудан басшылығына кәсіпкерге барлық жағынан қолдау көрсетуді тапсырды.
Кейін облыс әкімі Сарытоғай ауылындағы әлеуметтік нысандарды аралап көрді. Атап айтқанда, Қ.Қалыбеков атындағы орта мектеп және «Арай» жазғы балалар демалыс лагерінің күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Лагерьде күрделі жөндеу жұмыстарын «Гама-с» ЖШС жүргізуде. Қазіргі уақытта мұнда «Жұмыспен Камту -2020» бағдарламасы бойынша 18 жергілікті тұрғын жұмылдырылды. Бүгінде жөндеу жұмыстары аяқталып, қажетті құрал-жабдықтар сатып алынған. Демалыс орны 120 орынға есептелген және екі ғимаратқа бөлінген.Лагерьге алдымен жетім, көп балалы және толық емес отбасылардан шыққан балалар келеді.
Махамбет ауылының жаңа мөлтек аудандарында жүргізіліп жатқан электр желілерінің құрылысы да облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің назарынан тыс қалмады. Мұнда жұмысты «Диар и Компания» ЖШС жүзеге асырады. Мердігерлер 2 400 тұрғын алабына есептелген, жалпы ұзындығы 94 км болатын электр желісінің құрылысын жоспарлап отыр. Сондай-ақ, барлық аумаққа 1 600-ден астам заманауи LED-шамдар орнатылмақ. Жұмыстың аяқталу мерзімі – ағымдағы жылдың қазан айы деп жоспарлануда.
Одан кейін Атырау облысы әкімінің жұмыс сапары Махамбет ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылыс барысын тексерумен жалғасты. 160 орындық екі қабатты спорт кешенінде спорт залы, стендтер, түрлі спорт секциялары және коммуналдық бөлмелер болмақ. Құрылыс жұмыстары өткен жылдың сәуір айында басталған. Мердігер компания «АқсайСтройСервис» ЖШС басшылығының айтуынша, спорт кешенін аяқтау үшін жергілікті билік қалған соманы биыл төлеуге уәде еткен. Бірақ, әзірге ешқандай қаржы бөлінбеген. Барлық проблемалық сауалдарды тыңдаған Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов жауапты органдарға бұл мәселенің шешімін табуға көмектесуді тапсырды. Сонымен қатар, ғимарат балалардың спортпен шұғылдануына арналғандықтан құрылыс жұмыстарына ерекше назар аударуды сұрады. Аймақ басшысы «бұл нысан – бұқаралық спорттың дамуына айтарлықтай үлес қосатын болады», - деп атап өтті.
Аймақ басшысы күрделі жөндеуден өткен «Кәсіпкерлерге арналған үкімет» ғимаратымен де танысып шықты. Ғимараттың жалпы аумағы - 928 шаршы метр. Бүгінде мұнда барлық құрылыс жұмыстары аяқталған. Жақын арада ауыл тұрғындарына ыңғайлылық тудыру үшін 20 сауда орнына арналған бизнес-инкубатор және отандық тауар өндірушілерге арналған 40 ашық сауда орны бар коммуналдық базар жұмыс істей бастайды.
Махамбет Досмұхамбетовтің жұмыс сапары 60 пәтерлік үш қабатты тұрғын-үйдің аяқталған құрылысын тексерумен қорытындыланды. Жаңа пәтерлердің кілті жуық арада баспана кезегінде тұрған ауыл тұрғындарына табысталады.
Махамбет ауданындағы бірқатар әлеуметтік нысандармен танысқан өңір басшысы Махамбет Досмұхамбетов жұмыс сапары соңында аудан әкіміне өнеркәсіп өнімдерінің көлемін ұлғайту мен шағын және орта бизнесті дамыту мәселелерін шешуді, сондай-ақ, әлеуметтік нысандардың белгіленген мерзімде аяқталуын қатаң қадағалап, орындалған жұмыстардың сапасын тексеруді, сонымен қатар жұмыс орындарын ашуды басты назарда ұстауды тапсырды.