«Бұл туралы өңір басшысы Махамбет Досмұхамбетовтің төрағалығымен өткен Атырау облыстық мәслихатындағы «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының жиынында айтылды»,- деп хабарлайды Атырау облыстық коммуникациялар қызметі.
Фракция отырысында «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты «Nur Otan» партиясы Атырау облысының Сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру бойынша жол картасы талқыланды. «ҚР Тұңғыш Президенті, партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясының 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі «Жол картасын» әзірлеп, жария түрде қарауды тапсырған болатын. Атырау облысының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі «Жол картасы» әзірленіп, әрбір бағыт бойынша нысаналы индикаторлар мен мерзімдер қойылып, жауапты орындаушылар белгіленді. Бұл «Жол картасы» – қаланы, әрбір ауданды әрбір ауылды және барлық халықты қамтиды»,- деді Махамбет Досмұхамбетов. Жол картасында аймақ тұрғындарының табысын арттыру мақсатында облыс көлемінде алдағы бесжылдықта 10 ірі инвестициялық жобаны іске асыру көзделген. «Ауыл шаруашылығы саласында 2 жоба – Қызылқоға ауданында жалпы құны 265 млн. теңгені құрайтын тәулігіне 2 тонна сүт және сүт өнімдерін өңдеу цехын салу, Құрманғазы ауданынан жалпы құны 200 млн. теңгені құрайтын заманауи технологиялармен жабдықталған балық өңдеу цехын салу жоспарлануда»,-деді «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының басшысы Нұрлыбек Ожаев.
Сондай-ақ, Атырау қаласында газ-химиялық кешенінің құрылысы мен Қашаған кен орнында газ өңдеу зауытының құрылыс жобалары жоспарда бар екендігі айтылды. Жиынды қорытындылай келе, аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов фракция мүшелеріне барлық әлеуметтік топтармен кері байланысты нығайту, халықпен тұрақты түрде кездесулер өткізу, азаматтарды қабылдау, мемлекеттік органдардың есептілігіне бақылау жүргізу және тағы да басқа бірқатар тапсырмалар берді.