БҰҰ РЕЙТИНГІСІНДЕ ЕЛІМІЗ E-GOVERNMENT КӨРСЕТКІШІ БОЙЫНША ӘЛЕМДЕ 24-ОРЫНҒА ИЕ БОЛДЫ. БҰЛ – ЖАҚСЫ НӘТИЖЕ, БІРАҚ МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ АЙТУЫНША, ӘЛІ ДЕ ҮЛКЕН ЖҰМЫСТАР АТҚАРЫЛУЫ КЕРЕК. ПРЕЗИДЕНТ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ «ANA TILI» ГАЗЕТІНЕ БЕРГЕН СҰХБАТЫНДА ОСЫНЫ ЕРЕКШЕ АЙТТЫ. ЕЛІМІЗДЕГІ ӨТКЕН ЖЫЛЫ ЖҮЗЕГЕ АСҚАН ІРІ ЖОБАЛАРҒА ТОҚТАЛДЫ. ОНЫҢ ІШІНДЕ ЕЛДЕГІ ЦИФРЛАНДЫРУ МЕН ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ САЛАСЫНДАҒЫ ЖЕТІСТІКТЕР ДЕ БАР.
ЖИ ҚАЗАҚША ОЙЛАП, САРАПТАМА ЖАСАЙ АЛАДЫ
Еліміздегі банктер цифрлық экожүйе құру арқылы халықтың өмірін жеңілдетуде. Сонымен қатар еліміздің экспортқа шығаратын ІТ-қызметтерінің саны да артып келеді екен. Мәселен, Astana Hub технопаркі қарқынды дамып, бүгінде 1500-ден астам компанияны біріктіріп отыр. Оның үштен бір бөлігі – шетелдік компаниялар. Мұндай жетістіктер Қазақстанды цифрлық көшбасшы мемлекетке айналдыруға мүмкіндік береді.
«Қазақстан Еуразия кеңістігіндегі ең ірі цифрлы хабтың бірі бола алады. Оған мүмкіндігіміз толық жетеді. Ол үшін жасанды интеллект технологияларын дамыту керек. Болашағы зор жобалар қазірдің өзінде бар. Милы машиналар, яғни интеллектісі жағынан адамды он орайтын роботтар пайда болатын күн алыс емес. Оның үстіне бұл роботтар эмпатияға яғни сезіну және эмоция білдіру сияқты адамға тән қасиеттерге ие болады. Жастарға мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарында жасанды интеллект технологияларын қолдана білуді үйрету маңызды. Былтыр еліміздің 15 университетінде Google компаниясының жасанды интеллект жөніндегі курстары енгізілді. Осы саланың мамандарын даярлау үшін арнайы бағдарлама әзірлеу мәселесі пысықталып жатыр»,- деді Қ.Тоқаев.
Одан бөлек, Президент жасанды интеллект саласын дамытуға ерекше назар аударды. Қазақ тілінде жұмыс істейтін алғашқы цифрлық тіл моделі – KazLLM жобасы іске қосылды. Бұл жасанды интеллект қазақша ойлап, сөйлеп, сараптама жасай алады. Жыл соңына дейін жасанды интеллектінің Alem.Al атты халықаралық орталығы ашылып, ол инвестиция тартатын және озық инновацияларды енгізетін алаңға айналмақ.
Мемлекет басшысы жасанды интеллект туралы заң әзірлеуді тапсырды. Бұл заңның мақсаты – технологияны шектеу емес, оның әлеуетін толық пайдалану. Жасанды интеллектті жауапкершілікпен қолдану, оның этикалық мәселелерін шешу және оны дамытуға жағдай жасау – маңызды міндеттердің бірі. Президент бұл технологияларды игілікке жаратып, елдің дамуына бағыттау қажет екенін баса айтты.
«Нейрожүйелердің пайдасы ұшан-теңіз болғанымен, одан туындайтын қатерлер де бар. Мысалы, алаяқтар фото-бейнежазбалар жасап, адамның дауысын келтіру үшін де соны пайдаланады». Президент бұл технологияларды заңмен реттеу қажет екеніне баса назар аударды: «Біздің депутаттарымыз да жасанды интеллект туралы заң әзірлеу керек деп бастама көтерді. Осы маңызды жұмыспен тиянақты түрде, мұқият айналысу қажет. Жасанды интеллектіні жауапкершілікпен қолдану қағидаларын жасап, оның этикалық мәселелерін жан-жақты ойластыру керек. Бірақ осы саланы реттегенде жасанды интеллектіні шектеуге емес, керісінше оны дамыту жағына мән берілуге тиіс. Бұл технологияларды кеңінен қолданысқа енгізу орасан зор мүмкіндіктерге жол ашады. Оны қалт жібермей, игілікке жарату қажет»,-деді Президент.
«ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ АЛАМАННАН КЕШ ҚАЛАМЫЗ БА ДЕП ҚОРҚАМЫН»
Сарапшылардың айтуынша, жасанды интеллект технологиясының тиімділігі жыл өткен сайын арта түспек. Жасанды интеллекттің пайдасын Қазақстанның әрбір тұрғыны білуі керек. Оның не үшін қажет екенін, қалай дұрыс қолданылатынын ыждағаттықпен түсіндірген жөн. IT сарапшы, Бостон Университетінің (АҚШ, Маcсачусетс) «Үлкен деректер аналитикасы» мамандығы бойынша бітіріп, магистр дәрежесін алған Тимұр Бектұр жасанды интеллектті уақытылы меңгеріп, оның артықшылықтарын тиімді пайдалану арқылы болашақта технологиялық дамудан қалып қоймау қажеттігін айтады. TEDx Talks халықаралық іс-шарасында сөйлеген IT маман жасанды интеллекттің қоғамға әсері, оның мүмкіндіктері мен қауіптері жайлы ой қозғады. Әлемдік трендтерді ескере отырып, ол Қазақстанның бұл технологиялық жарыстан қалмауы керектігін баса айтты.
– Бүкіл әлем қолданып жатқан ChatGPT-ді біз неге қолданбаймыз? Біз қазіргі технологиялық аламаннан кеш қаламыз ба деп қорқамын. «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, қазіргі жасанды интеллект бұрынғыдан біраз өзгеріске ұшыраған. Бұрын машиналарды үйрету үшін арнайы алгоритмдер қолданылса, қазір «deep learning» архитектурасы арқылы жүйе тапсырмаларды өзі түсінеді. Енді бұйрық бермейміз, не істеу керегін ол өзі түсініп алады,- дейді сарапшы.
Жасанды интеллекттің кең таралуы жаңа жұмыс орындарын ашуымен қатар белгілі бір мамандықтардың жойылуына әкелетіні туралы ескертті.
– Жасанды интеллект жуық арада 85 миллион жұмыс орнын жояды, бірақ 97 миллион жаңа жұмыс орны ашылады. Осыған байланысты жаңа ортаға бейімделу қажет. Жасанды интеллектті қолданбайтын адамды жасанды интеллект қолданатын адам алмастырады. Профессор Эндрю Ынның «Жасанды интеллект – жаңа электр энергиясы» деген сөзі бар. Бұл технологияны игеру арқылы жеке тұлғалар да, компаниялар да үлкен мүмкіндіктерге ие бола алады. Заманауи әлемнің қарқынды өзгерістеріне бейімделу үшін жасанды интеллекттің қыр-сырын меңгеріп, оны тиімді қолдана білу жеткілікті,- деді IT сарапшы Тимур Бектұр.
Экономистердің есептеулеріне сәйкес, жасанды интеллектіні қолдану 2030 жылға қарай жаһандық ЖІӨ-ні 14%-ға арттыруы мүмкін. Бүгінгі таңда Қазақстанда 93 ақпараттық база қосылған Smart Data Ukimet-те мемлекеттік органдардың деректерін жинау бойынша шаралар кешені жүзеге асырылуда. «Бұл технология бізді жұмыссыз қалдырады» деп қорықпау керек. Керісінше жұмысты жеңілдететін құрал деп қарастырған абзал. Қазір жасанды интеллект құралдарын үйренем дейтін жандарға ақпарат табу қиынға соқпайды. Олардың көбі ашық әрі қолжетімді. Бұл саланы терең зерттеймін дегендерге түрлі платформаларда курстар да бар.
МҰҒАЛІМНІҢ ЖҰМЫСЫН ЖЕҢІЛДЕТКЕН ЖАҢАШЫЛДЫҚ
Бүгінде мұғалімдер жасанды интеллектіні өз жұмысында еш қиындықсыз пайдаланып жүр. Бұрындары бір күндік уақытын алған жұмыстарды бүгінде бір минутта орындайды. Виртуалды лаборатория көмегімен адам ағзасын, әуе кемелерінің бөлшектерін зерттеп, оқушылардың оқып-тоқуға ынтасын арттырады.
Қызылүй орта мектебінің информатика пәнінің мұғалімі Нұрбол Хамзин оқушылардың сабақты мейлінше ұғынып, олардың қызығушылығын арттыру мақсатында заманауи мүмкіндіктердің түр-түрін қолданады.
– Жаңа оқу жылы басталмас бұрын өткізілетін тамыз конференциясы осы тақырыпқа арналған болатын. Қазіргі уақытта адамдар білімге сенген заманда қапы қалмаудың амалын іздеуде. Мектепте сабақ берудің заманауи тәсілдері бүгінде өз жемісін беріп келеді. Сондықтан да жылдан жылға нейрожелі мүмкіндіктерін пайдаланатын мұғалімдердің қатары көбейіп келеді. ChatGPT, Canva, D-ID секілді платформаларды презентацияға, ғылыми жобаларға да қолданамын. Пайдасы – берілген ақпаратты тез уақытта өңдейді және тапсырманы жеңілдетеді,- дейді Н.Хамзин.
Нейрожелілер бүгінде мұғалімдердің цифрлық көмекшісіне айналған. Тақырыпты пысықтау үшін тест пен ойын түріндегі тапсырмаларды да жылдам әрі оңай дайындайды. Оқушылар да сабақ берудің мұндай ерекше әдістеріне тәнті. PwC зерттеуіне сенсек, жасанды интеллектінің арқасында жаһандық жалпы ішкі өнім 2030 жылға қарай 14 %-ға жоғары болуы мүмкін. Осы сынды болжамдар өте көп. Сондықтан да елдердің жасанды интеллектіні қолдану аясын кеңейтуі – қалыпты жағдай.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ