Еліміз үшін Конституция – тәуелсіздігіміздің айғағы, мемлекетіміздің мызғымас тұғыры. Бүгінде жаңарған Ата Заңымыз қоғам дамуының жаңа кезеңіне жол ашып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды басты назарға қойып отыр.
Қазақстан Республикасының Конституциясы – елдегі барлық заңдардың қайнар көзі, мемлекеттік басқару жүйесінің іргетасы. Жаңа өзгерістер арқылы халықтың мемлекет ісіне қатысу мүмкіндігі кеңейіп, әділдік қағидаты айқындала түсті. Бұл – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының нақты көрінісі.
Жаңарған Конституцияда адам құқығы ең жоғары құндылық ретінде белгіленіп, билік тармақтарының өзара тепе-теңдігі күшейтілді. Әсіресе, азаматтардың өтініш-тілектеріне жедел жауап беру, заң үстемдігін қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі күрес жүргізу бағыттары айқын көрініс тапты. Мұның барлығы елдегі сенім мен тұрақтылықты нығайтуға бағытталған маңызды қадамдар.
Конституциялық реформалар қоғамдағы жауапкершілік мәдениетін де арттыра түседі. Әр азамат өз құқығын біле отырып, міндетін де терең сезінуі тиіс. Себебі құқық пен міндет – егіз ұғым. Ата Заңды құрметтеу – Отанды құрметтеу деген сөз.
Газет тілшісі ретінде мен үшін ең маңыздысы – халықтың ойы мен пікірінің ескерілуі. Жаңа Конституция – тек құқықтық құжат емес, ол – ел болашағына деген сенімнің кепілі. Әділетті қоғам құру жолындағы бұл қадамдар Қазақстанның өркендеуіне серпін беретініне сенемін.
Төлегенова Шырын
«Жайық шұғыласы» газетінің тілшісі
#ЖаңаКонституция #ӘділеттіҚазақстан #АтаЗаң #ХалықҮні #ЗаңҮстемдігі



