Тасжол да, теміржол да экономиканың күретамыры болып табылады

Мен көлік саласында жарты ғасырдан астам еңбек еттім. Бұл жолда теміржолдың түрлі кезеңдерін бастан өткердік — Кеңес дәуірінің дүрбелеңінен бастап, тәуелсіздіктің алғашқы қиын жылдарына дейін. Ал бүгінгі жаңғыртулар мен даму қарқынына қарап, еліміздің көлік саласында үлкен тарихи кезеңге аяқ басқанын сеніммен айтуға болады.

 Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту – басым бағыт ретінде нақты белгіленді. Бұл тек ішкі экономикаға ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның халықаралық аренадағы орнын нығайтуға бағытталған үлкен стратегиялық қадам деп қабылдаймын. Мәселен, өзіміздің Атырауды алсақ, мұнда соңғы екі-үш жылдың ішінде біршама тасжолдар жөнделді. Ескілері қалпына келтіріліп, жаңалары салынды. Теміржолдар да солай.

Теміржол демекші, бұл — Қазақстанның күре тамыры. Соңғы жылдары жүзеге асып жатқан ірі жобалар — «Достық – Мойынты», «Бақты – Аягөз», «Дарбаза – Мақтаарал» сияқты жаңа теміржол бағыттарының құрылысы — еліміздің транзиттік әлеуетін еселеп арттырады. Бұл жобалар жүк тасымалының көлемін бірнеше есеге көбейтіп, бізді Қытай мен Еуропа арасындағы сенімді көпірге айналдырады.

Мен үшін ерекше қуаныштысы — теміржол саласында цифрландыру жұмыстарының қарқынды жүруі. Бүгінгі күнде жүк пойыздарын рәсімдеуге небәрі 30 минут кететіні – бұрын-соңды болмаған жетістік. Бұл – уақыт пен ресурсты үнемдеудің заманауи үлгісі.

Соңғы бес жылда Транскаспий бағытымен жүк тасымалының 6 есеге артуы — орасан жетістік. Құрық пен Ақтау порттарында инфрақұрылым жаңарып, мультимодальды хабтар іске қосылды. Мен, теміржолшы ретінде, мұны құрлық пен теңіз логистикасының сәтті тоғысуы деп бағалаймын. Бұл — Еуразия жүрегінде орналасқан Қазақстан үшін ерекше геосаяси мүмкіндік.

Автожолдарды жаңғырту жұмыстары — халық үшін аса маңызды. 12 мың шақырым жолдың жаңартылуы, оның ішінде стратегиялық маңызы бар «Қарағанды – Алматы», «Талдықорған – Өскемен» сынды жобалар — өңірлердің дамуына тікелей әсер етеді.

Ал еліміздің әуежайларын мультимодальды орталықтарға айналдыру идеясы — заман талабына сай шешім. Әсіресе, Астана мен Алматыдағы жобалар халықаралық сауда мен туризмге серпін береді. Бұл орайда жаңа әуежайлардың туристік аймақтарда — Катонқарағай, Зайсан, Кендірліде салынуы – болашаққа салынған инвестиция деп білемін.

 Көлік жүйесін дамыту – тек жол салу емес. Бұл – экономика мен қоғамның ілгерілеуіне жол ашу. Президенттің тапсырмасымен жүзеге асып жатқан жобалар кешенді, жүйелі әрі ел болашағына бағытталған. Мен, осы салада өмірін арнаған азамат ретінде, қазіргі өзгерістерге зор үмітпен қараймын.

Жастарымызды көлік саласына баулып, отандық инженерлер мен мамандарға қолдау көрсетіп, осы серпінді жалғастыру – біздің ортақ міндетіміз.

Марат ЕЛУБАЕВ,

ардагер теміржолшы, Қазақстанның еңбек сіңірген көлік қызметкері

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT