Кенияда өтіп жатқан 21 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы таеквондо (WT) әлем чемпионатында қазақстандық спортшы Бейбарыс Каблан жеңіске жетті. Финалдық жекпе-жекте ол Оңтүстік Корея спортшысы Ян Чжунёнді ұтты.
Бұл жеңіс Бейбарыс Кабланның спорттық мансабындағы ең маңызды жетістіктердің бірі болып, Қазақстанға 21 жасқа дейінгі категорияда таеквондодан тарихтағы алғашқы алтын медальді алып келді.
Каблан 87 кг-нан жоғары салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, жарыстың барлық кезеңдерінен сәтті өтті. Финалға дейін ол төрт жекпе-жек өткізіп, Үндістан мен Түркия спортшыларын, ал жартылай финалда Иран өкілі Амирмохаммад Ашрафиді 2:1 есебімен жеңді.
21 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы таеквондо әлем чемпионаты 6 желтоқсанға дейін жалғасады. Жарысқа 75 елден шамамен 500 спортшы қатысуда.
Қазақстан таеквондо федерациясының (WT) баспасөз қызметі


