38 бала ЛОР-хирург дәрігерінің қабылдауында болды

Өткен аптаның сенбі күні аудандық орталық ауруханаға облыстық балалар ауруханасының бес жылдық тәжірибесі бар ЛОР-хирург дәрігері Бауыржан Қадырғалиев келіп, қабылдау өткізді.

Үш сағатқа созылған дәрігердің қабылдауына ауданға қарасты ауылдық округтерден барлығы 38 бала келіп, сәйкесінше емдері тағайындалды.

- Ауданға ЛОР маманы ауадай қажет. Себебі, байқағанымыздай қабылдауға келген балалардың 85 пайызы сырқат екені анықталды. Анықталған аурулардың ішінде ангина, құлақтың іріңді асқынулары, қатерсіз жаңа түзілістерді айтуға болады. Он бес бала жоспарлы отаға жолданды. Қойылған диагнозына орай төрт-бес науқасты тез арада ауруханаға жатқызу жөнінде шешім шығарылды, - дейді Бауыржан Базарғалиұлы.

Биылғы еріктілер жылында балаларды тегін қабылдау бастамасын қолға алған ол алдағы уақытта облысқа қарасты аудандарға да баруды жоспарлап отыр. Дәрігер өз сөзінде ата-аналарға балаға ұқыпты қарап, қандай да бір ауруға шалдықса асқындырмай, жедел түрде дәрігердің көмегіне жүгінуге кеңес берді.

"Ауданда тұрақты ЛОР дәрігерінің жоқ екендігін ескерсек, білікті дәрігер мамандарының аудан халқының жағдайын назардан тыс қалдырмай, қабылдау жүргізуі біз үшін қуантарлық жағдай" дейді тұрғындар.

Б.САПАРОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521