ads_hero

"Көк белдеу – 81" түлектер тал еккен алаңды осылай деп атады

Қазақ «Туған жерге туыңды тік» деп бекерден- бекер айтпаған.Туған жерге деген сүйіспеншілік бала кезден басталады.

Осы орайда Таңдай аулынан мектеп бітірген түлектердің жыл сайын өздерінің 20,25 жылдық мерейлі шақтарын өткізулері көпке өнеге болып келеді.Жыл сайынғы оқу жылының аяғы таңдайлықтар үшін осындай үлкен мереке-думанға ұласады. Қызықты ойындар,түрлі сайыстар,мазмұнды басқосулар бәрі-бәрі өз жарасымын тауып жатады.Ауыл жұртшылығы мәз-мәйрам қуанып, «әй, бәрекелді» десіп бір жасап қалады.Мінеки, осындай кезекті шара биыл да өтті. Мектепті 1998 жылы бітірген 1981 жылы туған жігіттер мен қыздар мамырдың 23-і күні жан-жақтан ағылып келіп, сағыныса қауышып жатты. Бірімен-бірі құрдас жастар ең алдымен Таңдай аулындағы «Мұқамбетқали ата» мұсылмандар мешітіне бас сұғып,барша аруақтарға және өмірден ерте кеткен құрдастар рухына дұға бағыштады.Түлектер басқосуы биыл мұсылмандардың оразасымен тұспа-тұс келуі де кездесу өткізушілер үшін қолайлы сәт болды.Кешкісін ауыз бекіткен адамдар «Қаракөз» мейрамханасына жиылды.Ораза тұтып жүрген 130 адамға арнайы дастархан жайылды.Ауыл имамы дұға бағыштап,ауыз бекіткендер кезекпе-кезек түлектерге өз ризашылықтарын білдіріп жатты.

Ертесіне сәскелік тұста ауыл тұрғындары Таңдай ауылының солтүстік шығысындағы жаңадан салынған «Көкбелдеуге» қарай ағылысты. Ауыл-ауыл болғалы орын тепкен үлкен зираттар шоғыры Таңдайға кіре беріс жолдың бойында болатын.1981 жылы туғандар осы қауымды көгалдандырып,көптің көзінен көлегейлеуді сөйтіп, тіріні де,өліні де разылауды жөн санапты.Сөйтіп, өткен жылдың күзінен бастап Нұркелді,Қайырбек,Ниетжан,Айболат,Ма-рат,Ардақ,Бекен, Қуанышқали секілді көптеген құрдастар бастап осы құрылысты қолға алған еді.Ұзыны да, ені де біраз аумақты алып жатқан алаңқай жер қыс түскенше айналасына қадалар қағылып,темір сыммен қоршалды.Биылғы көктемде жері өңделіп,жүйелер салынды,жас талдар егілді. Ауылдағы кәсіпкер Меңдіғали Сабиров та қарап қалмай көгалдандырылатын аймаққа құбыр жүргізіп берді.Отырғызылған талдар қазірдің өзінде бүршік атып қалған. «Көкбелдеу-81» деп аталатын бұл істің аяқталуына орай өткен шарада ауыл әкімі Қайыржан Мәжиев,түлектер ұстазы Ерсайын Шаманов аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Аманкелді Сисеновтер құттықтап, сөз сөйледі. Лента қиылып,жиналғандар суы бұрқылдай атқылап жатқан көгалдандырылған алқапты тамашалады. Ұзын-ырғасы бір миллион теңгенің жұмысын құраған бұл нысан енді аз-ақ жылдардан соң бой көтеріп,ауылға кіреберіс аумақ жасыл желекке оранып тұрмақ. Сол күнгі түс ауа мезгіл мен бесін арасында сексенбірліктер «Ұрпақ ұлттық ойынмен шыңдалады» тақырыбын басты бағыт ұстанып,аяқ доптан,асық атудан қой көтеруден, арқан тартыс пен кір тасын көтеру,ләңгі тебу секілді сайыс түрлерін құраған ойындар өткізіп, ауылдастарды да,өздерін де бір марқайтты.Сый-сияпатсыз ешкім де қалмады. Кешкілік сәт.«Түлектер шақырады» атты кешкілік гала-концерт түн ауғанға дейін туған ауылдың төрін әсем әнмен көркемдеп тұрды.Ертесіне Қаршымбай Ахмедияов атындағы орта мектепте соңғы қоңырау салтанатты өтті.Мұнда да сексенбірлік түлектер бірдей киімдерімен сән-салтанат құра келді.Мектеп атына ақ тілектерін жаудырып,кәде сыйларын ұсынды.Жиырма жылдық кездесудің ақырғы кеші «Айшагүл» мейрамханасындағы салтанатты басқосуға жалғасты.Ардагер ұстаздар ұлығыланды,біріне- бірі жалғасқан мерекелік шаралар,қуанышқа ұласқан қимас сәттер кешегі түлектердің жүректерін таңғы самалмен бірге тербеді.

Қадыржан ҚАЗЫМБЕКҰЛЫ,

Таңдай ауылы.

Super User

ads_hero