Сән мен салтанаттың сабақтасқан күні

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай орталық алаңда «Балалар мен жасөспірімдердің музыкалық ансамбльдері және оркестрлерінен құралған» ерекше шеру ұйымдастырылды.

 

Шеруді өткізудегі мақсат – «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясын іске асыру бағытында балаларға рухани адамгершілік, эстетикалық, патриоттық тәрбие беру болды. Ауданымызда алғаш рет кең көлемде ұйымдастырылған шеру балаларға ерекше көңіл-күй сыйлады. Аудан орталығындағы О.Шонаев, Д.Төленов мектеп-гимназия, Е.Ағелеуов, Қ.Қалыбеков атындағы орта мектептердің озат, белсенді, білім мен өнерді қатар алып жүрген талантты оқушыларының, З.Ещанова атындағы өнер мектебі мен аудандық балалар мен жасөспірімдердің денешынықтыру даярлық клубының тәрбиеленушілерінің, «Өнерпаз» мәдениет үйінің жанынан құралған «Әсем-ай», «Еркем-ай», «Нұр-Ару» би топтарының басын қосқан шеруге жалпы 325 оқушы атсалысты.

Салтанатты шараға қатысқан аудан әкімі аппаратының басшысы Н.Қалиев балғындарды аудан әкімінің атынан мерейлі мерекесімен құттықтап, жүрекжарды лебізін жеткізді. Сән-салтанаты жарасқан шеруді З.Ешанова атындағы өнер мектебінің барабаншылар ансамблі бастап шықты. Одан әрі шеруге қатысушы 12 ұжым бірінен соң бірі алаңға шығып, ән-жырларын төгілтіп, биді нақышына келтіре билеп, бар өнерлерін паш етті. Осылайша балалар шеруі армандарды асқақтатып, қазақтың ұлттық өнерін көкке шарықтатты.

Б.СҮЙЕУОВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521