Газет көтерген мәселе тиісті орындардан қолдау тапса...

«Жайық шұғыласы» газетінің №3 санында М.Аташұлы жылқының жасы және түр-түсі жөнінде мол мағлұмат берді.Тек бір түсін ұмытып кеткен. Ол – көк.

Мақаласының соңында жас ұрпаққа төрт түліктің қадір-қасиетін, қазақтың салт-дәстүрін қалай сіңіреміз деген мәселе көтеріпті. Кешегі кеңес кезінде оқу комбинаты оқушыларды жүргізушілікке, медбикелікке, аспазшыға және ағаш шеберіне үйретті. Сол іспеттес оқу жүйесі шешілуі керек деп ойлаймын.

Ертеде бабаларымыз қысы-жазы киіз үймен көшіп жүрген. Киізден туырлық ұстап, үзікпен бастырып, түндікпен жапқан. Есікті шиден оюлап тоқып, киізбен қаптаған мұндай үйге қыста аяз кірмеген, жазда ыстық өтпеген. Ал үйдің ішін әшекейлеуге түйенің, қойдың жабағы жүнінен иірілген жіптен тоқыған басқұр, шаңыраққа желбау, туырлықпен үзікке аяқбау және қойдың жүнінен есіп, ешкінің қылымен шашақтап, жылқының қылы- мен көмкеріп, уыққа уықбау жасаған. Бұларды біріне-бірін байланыстырғанда үйдің іші әдемі болып тұрады.

Ал төрттүліктің терісінен не жасалды, оны қалай пайдаланды, ол өз алдына бір бөлек әңгіме.

Тағы бір мәселе, газеттің тұрақты оқырманы Базар Әміров Айтуар биге ескерткіш қойылар алдында мақала жазып, 13-ші ауылға Айтуар, 11-ші ауылға Есеттің аты берілсе деген еді. Осы мақаладан кейін мен Базар Әміровтің Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан кейін жазған «Тарихи тұлғаларымызды түгендесек» деген мақаласына жалғау жазғанмын. 11-ші ауылға Есеттің, 13-ші ауылға Айтуардың аты берілсе, 7-ші ауылға Мұраттың, 8-ші ауылға атақты Есеннің биі Шойтастың, 9-шы ауылға үш жүздің бірі болған Мүсірәлінің, 10-шы ауылға Батыстың атақты екі батырының бірі, сүйегі өз ауданымыздың көлемінде жатырған Жапарбердінің аты берілсе дегенмін.

Екі батырдың бірі Құлбарақ өзі соғыста мерт болған жерде, Маңғыстауда ұлығыланып, кесене тұрғызылды. Жылма-жыл тек Итемген Қаратоқай ұрпақтары емес, Маңғыстау өңіріндегі он екі ата Байұлының ұрпақтары ас береді.

Аудан басшыларына, белгілі азаматтарға Жапарберді бабаның рухын жаңғыртсаңдар деген тілегім бар.

Ұлмекен ОРАЛБАЕВА,

зейнеткер.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521