«Ақжолға» мың алғыс

«Алла сәтін салса – адамын жолықтырады» демекші, өмір айдынында жақсы адамдармен жолығуым Тәңірімнің маған жіберген тартуы деп білемін.

Біздің таныстығымыз 2017 жылы Бурабайдың «Алмаз» шипажайынан басталды.Ол – «Ақжол» Махамбет мүгедектер қоғамының төрағасы Қайдарбек Құрмашев. Содан бері ақжолдықтар өз қамқорлықтарына алып, менің өмірімді түбегейлі өзгертті. Олай дейтін себебім, мен Береке ауылының тұрғыны, ІІ топ мүгедегімін. Осыдан 9 жыл бұрын таксиде келе жатып, жол-көлік апатына ұшырағаннан бері жұмысқа жарамай қалдым. Қазіргі таңда әйелім ғана еңбек етеді. Оның тапқан аз ғана жалақысы, менің жәрдемақыммен 3 баланы асырап, күнкөріп отырмыз.

Әрине, жан-жағымызда қайырымы мол азаматтар көп, қолдан келген көмектерін көрсетіп тұрады. Өткен жылы Ақтөбе облысының Алға қаласындағы «Шипагер» шипажайына ем алуға барар кезде пойыздың барып-келу билет құнын «Ақжол» қоғамдық бірлестігі төлесе, сол жылдың 27-28 қарашасы күндері Атырау облыстық делегациясымен бірге «Ақжол» қоғамдық бірлестігінің мүшесі қатарында Астана қаласында өткен республикалық VІІІ Азаматтық форумға қатысып, Елбасымен кездесіп қайттық. Бұл сапардан алған әсерімді сөзбен айтып жеткізу қиын. Енді міне, жыл басында мен үшін тағы да бір жаңалық «Ақжол» қоғамдық бірлестігінің тікелей араласуымен көп жылдар бойы ауыса алмай жүрген ІІ топ мүгедегі санатына өтуім және Астана қаласына квотамен аяғыма ота жасатуға бармақпын.

Ойымды қорыта келе айтқым келетіні, қазіргі заман талабына сай құрылып, өз жұмыстарын жүргізіп жатқан және біз секілді мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірлерін жақсартуға мейлінше тырысып жүрген «Ақжол» сияқты үкіметтік емес ұйымдардың жұмыстарына түсіністікпен қарап, оларға сәттілік тілеймін.

Азамат БИСЕМБИЕВ,

ІІ топ мүгедегі.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521