ads_hero

Ескерту берілді, алайда өзгеріс жоқ!

Тіл мәртебесін көтеру күн тәртібінен түспейтін мәселелердің бірі.

Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар аз емес әрине. Әсіресе, дүкен, кафе, сұлулық салоны, мейрамхана, сауда нүктелері сынды қоғамдық орындардың маңдайшыларындағы атаулардың Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңының талаптарына сай болу керектігі жөнінде жауапты мамандар кәсіпкерлерге айтудайын айтып та бірнеше рет ескерту де беріп жатыр. Десе де, ескертуді елемек былай тұрсын, Заңға да бағынғысы келмейтіндер анықталып отыр. Бұл туралы ономастикалық нысандардың тарихи және дәстүрлі атауларын қалпына келтіру бойынша ұсыныстарды зерделеу мен пысықтау мақсатында өткен аудан әкімдігінің жанындағы жұмыс тобының кезекті отырысында белгілі болды.

Махамбет ауылдық округінде көрнекі ақпарат құралдарының (баннер, лайтбокс, маңдайшалар, сілтемелер) жай-күйі және оларды ҚР Заңдарына сәйкестендіру жөнінде атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасаған аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Н.Аруев Заңға сәйкестендіру жөнінде бірнеше ескерту берілгенімен әлі де өзгеріссіз қалып отырған нысандарды атады.

b

k

- Кәсіпкерлік Кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес, тіл заңнамасының талаптарын сақталуын қамтамасыз ету, мемлекеттік тілді құрметтеу мақсатында бөліммен түсіндіру қоғамдық акциялары ай сайын өткізіліп келеді. Жыл басынан бері аудан бойынша 90 объектіде акциялар ұйымдастырылып, зерделенген көрнекілік ақпараттың 53-і заңдылыққа сәйкес, 37-іне түсінік жұмыстары жүргізілді. Ауылдық округтерде заң талаптарына сай жасалуы тиіс нысандар мен мекемелер атауы шұғыл жаңартуды талап етеді. Мәселен, Махамбет ауылы округіндегі «Сұлтан Палас» салтанат сарайы мен шағын маркетінің атауы ағылшын тілінде, маңдайшасы тек қазақ тілінде жазылған. «Ақ ниет» шағын маркетінің маңдайшасында тек атауы тұр, қандай мақсаттағы нысан екендігін көрсетілмеген. «Азық түлік - Продукты» деген жазуы әбден ескірген. Сол секілді кемшіліктер өзге де дүкен, мейрамханаларда жетіп артылады. Кәсіпкерлер жаңадан нысан ашқан кезде маңдайшадағы атауларын өз білгендерімен қазақ, орыс не ағылшынша жазып алады. Осы арада Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңының 21 бабының талаптары сақталмай қалады. Соның кесірінен маңдайшаны екі рет жасатуға мәжбүр болады. Аудан орталығында жаңадан ашылған «Dilnaz» kafeteriyasy, «Sezim», «Play Station», «Ainara» сынды нысандардың маңдайшалары тек бір тілде жазылып тұрғанын байқауға болады, - дейді ол.

Ауылдық округтерде көше аншлагтарын стандартқа сай рәсімдеу жұмыстары тым баяу жүргені өз алдында, көше сілтемелері жазылған тақтайшаларды орнатуды біріздендіру жұмысы әлі аяқталмай отыр. Махамбет және Сарытоғай ауылдарында барлығы 174 көше болса, өткен жылы соның тек 4 ақ көшенің сілтемелері жаңартылыпты. Ауылдық округ әкімі Б.Мынбаев сілтемелерді орнатуға 1 295 000 теңге қаржы бөлінгенімен, мердігер шықпай отырғанын алға тартты.

Отырысты қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары С.Аманшиева Махамбет ауылдық округі әкімі Б.Мынбаевқа жоғарыда аталған кемшіліктерді жоюды және қадағалауды, нысан иелері Заң талаптарын орындамаған жағдайда шарасын алуды тапсырды.

Б.Сапарова

Кенжегул

ads_hero