ads_hero

Бақылау комиссиясы құрылмаған

Сессияның күн тәртібіндегі келесі мәселе-«Аудандағы туберкулез ауруымен күрес жұмысының орындалысы» туралы «Махамбет аудандық орталық ауруханасы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорын директорының емдеу ісі бойынша орынбасары М.Шуақбаев хабарлама жасады.

Оның айтуынша, аудан бойынша 2018 жылдың 8 айында флюорадан өтіп, анықталған науқастың 8 туберкулезбен жаңадан, 7 қайтадан ауырғандар. Жаңадан ауырған науқастардың өкпесі тесілу сатысындағы 3, БК+ бактериясын бөлу сатысындағысы 3 болса, өткен жылы анықталған 21 науқастың 10 жаңадан, 11 қайталап ауырғандар, БК+ тіркелмеген. Туберкулезбен сырқаттанушылық көрсеткіші 100 мың тұр- ғынға шаққанда өткен жылы 29,8 болса, осы жылы 23,5 болып, төмендеген. Ауылдық округтер бойынша сырқаттанушылықтың жоғары көрсеткіштері Ақ- тоғайда 88,1 пайыз, Алғада 55,5 пайыз, Есболда 43,6 пайыз, Бейбарыста 29,8 пайыз болған. Ауруды анықтау үшін флюорографиялық тексеруден жоспар бойынша 10692 адам өтуге тиісті болса, тексерілгені 9217 болып, орындалысы 86,2 пайызды құраған. Ауданда биылғы дүниеге келген 523 нәрестенің 513 туберкулезге қарсы егілген, ал діни көзқарастағы жанұя отбасындағы 10 нәресте екпемен қамтылмаған.

Бұдан кейін аудандық тұтынушылар құқықтарын қорғау басқармасы бастығының міндетін уақытша атқарушы С.Қабазованың қосымша хабарламасы тыңдалды. Ол екі қуатты флюороаппараттың істен шыққанына он жыл болғандығын айтып, флюро тексерулердің қорытындысына күмәнмен қарайтынын жасырмады. Денсаулықтарын нығайту мақсатында 48 оқушы жазғы сауықтыру лагеріне бару керек болса, соның 9-ы ғана тынығу орнында болған. Ата-аналары тарапынан келіспеушілік болғандықтан оқшаулануға жататын 24 баланы «Шолпан» балбақшасына орналастыру да жүзеге аспай отыр. Мұның бәрі аудандық білім бөлімі мен ата-аналар арасында тығыз байланыс жоқтығын көрсетеді.

Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Н.Саменов ауданаралық өкпе аурулары ауруханасы жабылып қалғандықтан, туберкулезге аурушаңдықты жалпы стационарға келген науқастармен бірге қарап анықтау заңға қайшы келмей ме, сау адамға ауру жұқтыру қаупін туғызбай ма? деген сауал тастаса, депутат Н.Ерғалиев хабарламада айтылғанындай, туберкулезбен ауырған үш адамның өкпесі неліктен тесілу сатысына жеткен, жыл сайын жаппай флюоробайқаудан өткізіп жүр емессіңдер ме? деп статистиканың дәлдігіне күдік келтірді. Хабарламаға қатысты сұрақтарға М.Шуақ- баев барынша жауап беріп, қалыптасқан ахуалды түсіндіруге тырысты. Қаралып отырған мәселеге орай ойын ортаға салған аудан әкімі Ж.Бахуұлы туберкулезбен аурушаңдық салыстырмалы түрде төмендеді екен деп арқаны кеңге салуға болмайтындығын қатаң ескертті. Осы уақытқа дейін бақылау комиссиясының құрылмағандығын сынға алып, тиісті бөлім басшыларынан кемшілікті жоюдың шараларын алуды тапсырды. Сессияда басқа да ағымдағы мәселелер қаралып, тиісінше шешім алынды.

Н.ЕРҒАЛИЕВ.

Super User

ads_hero