ads_hero

Бас жарылса – бөрік ішінде

Елбасының қазіргі заманғы кәсіби мемлекеттік аппарат құру жөніндегі «Ұлт жоспарына» енгізген нақты 100 қадамында (21 қадам): «Алқа билер соты қолданылатын салаларды кеңейту.

Заңды түрде алқа билер міндетті түрде қатыстырылатын қылмыстық істердің категорияларын анықтау қажет» деген болатын. Осы тапсырманы орындау мақсатында ауданда қызу әзірлік жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осының алдында ғана сотқа жеткізбей дауды реттейтін билер кеңесі құрылғандығын жалпақ жұртқа жария еткен болатынбыз. Осы кеңес жұмысын одан әрі жандандыру, халық арасында насихаттап, түсінік жұмыстарын жүргізу мақсатында Бақсай ауылдық округінде билер кеңесінің көшпелі мәжілісі өтті.

Округ әкімі Қ.Мажиев кіріспе сөзінде қазақ қашанда сөзге тоқтаған халық екендігін, «бас жарылса-бөрік ішінде, қол сынса-жең ішінде» деп ел ішіндегі, ағайын арасындағы дау-дамайды өршітпей, сыртқа шығармай, тоқтау салып отырғандығындығын тарихи деректермен түйіндеді. Жақында құрылған билер кеңесінің мүшелерімен таныстырған аудандық соттың төрағасы Б.Қадырғалиев статистикалық мәліметтер бойынша соңғы жылдары Қазақстанда сотқа жүгінетіндер қатары тым көбейіп кеткендігін, жер көлемі жағынан төрт есе кіші Германияда салыстырмалы түрде алғанда соттасу едәуір аз екендігін айтып, соған қарағанда үлкеннің алдын кесіп өтпейтін, бір-бірінің сөзін жерге тастамайтын ұлттық құндылықтарымыз жоғалып бара жатқан жоқ па деген қаупін жасырмады. Өйткені түкке тұрмайтын отбасылық кикілжіңдер үшін бір-бірін көрместей болып бет жыртысып, сотқа арызданатындар азаймай отырған көрінеді. Аудандық билер кеңесінің мүшесі, отставкідегі судья С.Жұмалиева да аттың жалы, түйенің қомында көшіп жүріп, ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен ұланғайыр жерімізді қорғап, кейінгі ұрпаққа мирасқа қалдырған бабаларымыз ешқайда жазылмаған дала заңына бағынғанын тілге тиек етіп, билер институты жұмысын жандандыру жөнінде өзінің ұсыныс, пікірлерін айтты. -Жаңадан құрылған билер кеңесіне үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр,-деді келесі кезекте сөз алған төбе би С.Шотпақов,-өзіне сенім білдірген әріптестеріне ризашылығын білдіріп. «Тура биде туған жоқ» дегендей ол екі тарапқа да теңгермелі жағдай туғызып, бұра тартуға жол бермеуі тиіс. Әділдігімен қара қылды қақ жарған кіші жүздегі Бөкен би атқа отырсам, айдарымнан жел есіп, көкірегіме нан пісіп, көрінгенді көзге ілмей кетуім мүмкін деп сақтанып, өмір бойы өгізге аяқ артып жүріп, билік айтқан екен. Сондықтан жан-жақты ізденіп, білім жетілдіріп, дауласушы тараптарға бағыт беріп, дұрыс жолға салу-біздің басты парызымыз болмақ.

Ауыл тұрғындары Ғ.Сәрсембиев, Қ.Мұқанов, Б.Ғұмаровалар сөз алып, өздерінің жаңа қоғамдық құрылымды қолдайтындықтарын жеткізді. Бақсай мәдениет үйінің директоры Қ.Қазымбекұлы билер кеңесінің мүшелері халқымыздың шешендік өнерімен де жан-жақты «қарулану» қажеттігіне баса назар аударды. Өйткені «таяқ еттен, сөз сүйектен өтеді» дегендей жүйесін тауып айтылған сөз нысанаға дөп тисе-дау-дамай оң шешілді дей бер. Жалпы билер кеңесі мүшелерінің қоғамға көзқарастары дұрыс болуы керек. Көшпелі мәжілісте адам құқықтарын қорғау, заңдылықтардың орындалуы жөнінде тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап қайтарылды. Аудандық сот төрағасы Б.Қадырғалиев қандай жағдайда билер кеңесінің араласуымен бітімгершілік жүрмейтіндігін түсіндіріп өтті.

Оның айтуынша, медиация ауыр және өте ауыр қылмыстарға қолданылмайды. Яғни, тиісті заң тармақтары бойынша бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға болатын жаза тағайындалатын істерді бітімгершілік жолмен шешуге болады. Екі жақ кешірім сұрау арқылы бір-бірімен татуласса, кеткен шығынның орны толтырылса, арызын қайтып алса –тағы басқа себептерге байланысты билер кеңесіне жүгінуге болады. Ал, егерде дауласушы тараптардың бір жағында мемлекеттік орган қызметкерлері тұрса-бұл істі медиация тәртібімен қарауға болмайды. Өйткені аудан әкімінің жерге, пәтер бөлуге қатысты қаулы, шешімдерін жоққа шығарып, бұзуға тура келуі мүмкін. Сондай-ақ, мас болып, көлік апатына жол беріп, адамдар жарақат алып жатса-кінәлі адам заң жолымен тиісті жазасын алуы керек. Сондай-ақ, аудандық сот төрағасы Б.Қадырғалиев қазіргі қолданысқа енген «Түнгі сот» қызметі, оның тиімділігі туралы тарқатып айтты.

М.Ещанов, кәсіби емес медиатор: - Сөз жоқ, билер кеңесі керек, ол-заман талабы десем артық айқандық емес,-деді кезінде ауыл әкімі болып қызмет атқарып, халықпен ортақ тіл табысуға машықтанып алған кәсіби емес медиатор Мұрат ағамыз. Оған өзім куә болып, арағайындық жасаған дау-дамайлардан мысал келтірсем-билер кеңесінің қаншалықты қажет екендігіне көз жеткізесіңдер. Үй маңындағы құрылыстан қалған төрт-бес дана ұлу тасты «сұрамай» алып кеткені үшін ауылға танымал азамат істі бола жаздады. Бір үйге тізе бүгіп, шүйіркелесіп отырып, шығарда қолына іліккен өткір балта, велосипедтің тегершігін ұста й кететіндер де кездесті. Жер тайғақ болуына байланысты тұрақта тұрған көлікке келесі бір машина жанамалай, тұмсық тигізіп алады. Ал, көлігіне болмашы сызат түсірсе, 500 мың теңге қолма-қол бересің, әйтпесе... деп қорқытатын жуан жұдырықтар да болады. Соларға ара түсуге тура келді,-дейді Мұрат ағамыз,-өзінің майталман медиатор екендігін аңғартып. Ондайда, жүр жақын жердегі техника жөндеу орынына барайық деп екеуін ертіп барамын. Бас-аяғы жарты сағатта 70-80 теңгеге көлігінің бүлінген желерін жөндетіп, татуласып тарайды. Ал, осылар түймедейді түйедей етіп, сотқа жүгінсе, өмірлеріне қара дақ түседі. Сотталған деген жаман атаққа ие болады. Жұмысқа орналасуға да кедергі келтіруі мүмкін. Осы тұрғыдан алғанда билер кеңесін құрудың мән-мағынасы зор.

Н.Ерғалиев

Super User

ads_hero