ads_hero

Асылзада Махамбет аруы атанды

Ауданымыздың ең сұлу, ең сымбатты, ең ақылды, ең дарынды қыздары сынға түсетін «Махамбет аруы» байқауы араға 2 жыл салып қайта өткізілді.

 

«Бибі-саз» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен, аудан және қала кәсіпкерлерінің, аудандық Жастар ресурстық орталығының қолдауымен өткен сайысқа 9 қыз қатысып, оның ішінде 4 аруымыз Махамбет ауылдық округінің намысын қорғады. Шараның шымылдғын «Махамбет аруы» байқауы жобасының авторы Б.Набиева «Қазақ қызы» әнімен ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

a

Сән-салтанатымен сахна төріне шыққан сұлу қыздарымыздың бәрі де алғашқы кезеңде бірінен-бірі оза шауып өнер көрсетті. Сарытоғайлық Жарқынай Рысқалиева бала күнгі арманын көлеңкелі көрініс арқылы көрсетіп, өзі тіккен әсем бұйымдарын көпшілік назарына ұсынса, Жалғансайлық ару Асылзада Киікбаева О.Бөкейдің «Жылымығынан» Жанардың хатын оқып бәрімізді жылатты. Махамбет ауылдық округі атынан қатысушы Жұлдыз Бейбітованың «Соқыр ана» монологы да жүректерге жеткені сондай, көрермендер көзіне жас алып тыңдады. Ал, махамбеттік арулар Аида Темірқанатова, Айкен Талғаттың, Ортақшылдың шашбауын көтеріп келген Аружан Сарғожаның, тағы бір сарытоғайлық сұлу қыз Урсула Маженованың мың бұралған биін де халық сүйсіне қарап, шынайы бағасын беріп отырды. Көмейінен бал тамған өнерлі қыз Мөлдір Жетпісбаева «Сыпыра жыраудың термесін» домбырамен нақышына келтіре орындап берсе, ұлы Абайдың 130 өлеңін жатқа білетін Карина Каримова да үзінділерді еш мүдірместен жалғап әкетіп, қазылар алқасын таңдандырды.

a

a

a

a

a

a

ary9

Бірінші кезеңнен сүрінбей өткен сұлулар байқаудың бас демеушілерінің бірі «Ерке сылқым Атырау» сән үйінің кешкі көйлектерінен топтама көрсетіп, 3-кезеңге де аяқ басты. Ақылына көркі сай қыздар халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын қаншалықты жетік меңгергенін тексеру мақсатында қойылған сұрақтардың басым көпшілігіне нақты әрі толық жауап берді. Осылайша «Зияткерлік» кезеңін де сәтті аяқтаған қатысушылар соңғы «Шығармашылық» кезеңде жұптық биден өнер көрсетіп, байқауды қорытындылады. Әділқазылардың шешімін күткен көрерменге кештің арнайы қонағы, жас әнші А.Саконов әннен шашу шашты. Қазылар алқасының шешімімен топ арудың ішінен суырылып шығып, өнері де, ақылы да, сымбаты да, қазақ қызына тән қылығы да өзіне жарасымды жалғансайлық ару Асылзада Киікбева «Махамбет аруы-2019» байқауының бас жүлдесін жеңіп алды. Дәстүр бойынша «Махамбет аруы-2017» атағының иегері Алтынзер Талғатова жеңімпаздың тәжін салтанатты түрде табыстап, ізін басқан құрбысына сәттілік тіледі. Жүлделі 1-орынды К.Каримова, 2-орынды Ж.Рысқалиева, 3-орынды Ж.Бейбітовалар өзара бөліссе, М.Жетпісбаева «Өнерлі ару», А.Талғат «Сымбатты ару», А.Сарғожа «Инабатты ару», А.Темірқанатова «Көрермен көзайымы», У.Маженова «Көркем ару» және де инстаграмм парақшасында аз ғана уақыт ішінде 2000 лүпіл жинаған Ж.Бейбітова «Мисс Инстаграмм-2019» номинацияларымен марапатталды. Қатысушылардың барлығына байқаудың демеушілері: «Open» шағын кафесі, Дарина Түзелбаева, «Дильназ» кафесінің иесі Г.Денгилова, «Zhas project» жобасының жеңімпазы А.Азмуханова, «Асуман» тәттілерімен қуантып жүрген Қ.Қасенова, аудандық Жастар Ресурстық орталығы, «Спецэффекты Атырау» мекемесі, А.Хайрушева, А.Ибатуллина және де Фаберлик компаниясының өкілі М.Туменбаевалар арнайы сертификаттар мен сыйлықтарын табыс етті.Сонымен қатар «Махамбет аруы -2019» атағының иегері А.Киікбаеваға бас демеушілердің бірі «Rostmodelatyrau» сән көрсету агенттігінің 6 айлық тегін оқу-курсының сертификатын табыстады.

А.САТАЕВА

Кенжегул

ads_hero